Еліміздің әр өңірінде қайырымдылық шаралары қолға алынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің әр өңірінде қайырымдылық шаралары қолға алынуда

16.04.2020

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Ауыр кезеңде елдің басына түскен ауыртпашылықты бірлесе жеңеміз деген азаматтар әр өңірде қайырымдылық акцияларын қолға алды. Осындай сын сағатта шалғай ауылдағы тұрғындарға өңірден шыққан танымал тұлғалар мен меценаттар көмек бере бастады. Алғашқылардың бірі болып Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыханов игі істі қолға алған. 80 тоннадан астам азық-түлік жүк көліктеріне тиеліп, қайырымдылық керуені Шығыс Қазақстанның аудандарына жөнелтілді.

Ал мынау Семейден 300 шақырым шалғайда жатқан Абыралы өңірі. Мұндағы 6 ауылға қажет азық-түлікті «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының атынан меценат Марат Құрманбай жеткізген. Атом полигонының зардабын тартқан елді мекендердің халқы ең қажеттімен қамтамасыз етілді.

Ал еліміздің оңтүстігінде кәсіпкерлер болса қаржы жинап, мұқтаж жандарға көмек қолын созып жатыр. Түркістандық 4900 отбасына 50 мың теңгеден берілді. Қысылтаяңда қолдауға ие болғандардың алғысы шексіз. Елбасының бастамасымен ашылған «Birgemiz» қорына бүгінге дейін 18 миллиард 899 миллион теңгеден астам қаражат түскен. Оның 7 миллиард 623 миллионы облыстар, елорда мен республикалық маңызы бар қалаларға аударылып, 150 мыңнан астам адамға үлестірілді.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу