Екпеден бас тартып отырғандар кімдер? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екпеден бас тартып отырғандар кімдер?

25.01.2020

Тақырыптың тағы бір қыры. Екпені міндеттейміз деп министрлік алқынса да, вакцинаның сапасы мінсіз деп оған сенім артылса да екпеден бас тартатын адам аз емес. Ол сан ресми статистикадан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін дейді сарапшылар. Біздің қоғамда қалай? Екпеден бас тартқандарды негізінен діни топтардың өкілі деп бөліп тастай салуға дайын тұрады. Бірақ, мынаны қараңыз. Әлемде вакцина алмаған балалардың саны 2007 жылмен 2013 жылдың аралығында 1,54 пайыздан, 3,06 пайызға көбейген. Бұл дегеніңіз алты құрлықтағы жарты миллион бөбекке екпе салынбады дегенді айғақтайтын статистика, олардың 17 мыңы дәулетті отбасында туған сәбилер екен. Бұл қалай? Қалтасы қалыңдар барын салып өлмеудің қамын қылмаушы ма еді? Тағы бір түйткіл, CNN-нің мәліметіне сәйкес Америкада екпеден бас тартқан отбасылардың көбісі Orange County, Santa Barbara, Bay Area сынды бай-бағландар қоныстанған аудандарда тұратын көрінеді. Мұндай мысал мың. Тағы бірі мынау, 2002 жылы Ұлыбританияның премьер-министрі Тони Блэр өзінің екі жасар баласы Леоға қызылшаға қарсы екпе салдырмайтынын ашық айтты. Бірақ саясаткер ретінде вакцинацияны қолдаймын деп қойды. Желіде желдей ескен осындай ақпараттарды естігенде есің шығады расында. Өзгені қойып өзімізге келсек, «АРДИ» мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығының төрайымы Әсия Ахтанова уағында қауымдастықта 354 бала сал диагнозы бойынша есепте тұрғанын, оның 5 пайызы вакцина салдарынан мүгедек болғандар деп ақпарат берген. Десе де, бір жақты сөйлеуден аулақпыз. Өйткенің екпенің әсерінен аты адам шошитын аурулардан ада болғандар аз емес. Бірақ, елге вакцина ауадай қажет екені туралы ақпаратты тыңдату қиямет болып тұр.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ 


Хабарламаларға жазылу