Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көтерілетін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы көтерілетін болды

02.09.2019
Президент Жолауын мәдениет қызметкерлері де ерекше қуанышпен қабылдап жатыр. Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі жайлы айтқан Мемлекет басшысы бұл сала мамандарының келер жылдан бастап еңбекақысын өсетіндігін жеткізді. Осы күнге дейін табысының аздығынан мәдениет қызметкерлері көптеген мемлекеттік бағдарламалардан қағылып келді. Соңғы кезде лайықты кадрлар да азайып кеткен. Сондықтан сала қызметкерлерінің жалақысын жоғарылату, олардың мәртебесін арттырып, әлеуметтік жағдайын түзетуге септігін тигізбек.  
Анар Төлеубаева — Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің жоғары дәрежелі қызметкері. Музей ісінің дамуына зор үлес қосқан білікті маманның бірі. Сала қызметкерлерінің бүгінде алып жүрген еңбекақылары лайықты емес деп санайды. Өйткені елдің тарихы мен мәдениетіне қатысты мол мұраны сақтап өскелең ұрпаққа жеткізуші мекеменің жұмысы өте күрделі.

Анар Төлеубаева, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің маманы:

Бүгін ғана келген қызметкердің еңбекақысы 40-50 мың. Мысалы, мен осы өлкетану музейінде 10 жыл қызмет атқарымын. Музейдің жоғары дәрежелі маманымын. Алғаш келгенде менің еңбекақымы 27 мың теңге болған. Енді 10 жыл да аз уақыт емес. 10 жылда менің жалақым 80 мыңға көтерілді.

Қазір Семей қаласында 47 мәдени мекеме жұмыс істейді. Музейлер, театр, кітапхана, клубтарды қосқанда 800-ден астам маман еңбек етеді. Олардың жалақысының ең төмені 55-57 мың болса, жоғарысы 67 мен 80 мың теңге аралығында ғана. Жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келе жатқан сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша Президент тапсырмасын Семейдің мәдениет қызметкерлері ерекше қуанышпен қабылдады.
 
Назерке Аққожина, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі:
Мәдениет қызметкерлерінің жалақысының аздығы, оларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана алуға да мүмкіндік бермей келген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алда білім беру мен денсаулық салаларына жасалып жатқан міндетті әлеуметтік жеңілдіктер, мәдениет саласының мамандарына да берілуі керектігін тапсырды.  

Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу