Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында ұйымдастырылған брифингте Қазақстан Республикасы Теннис федерациясы Шымкент филиалының директоры Валерий Шайбаков пен Ұлттық теннис орталығының менеджері Гаухар Молдабекова хабарлады.
Оның сөзінше, еліміздің басты құқықтық құжаты болып табылатын Конституция күніне орай Шымкентте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында теннистен «Shymkent Mass Media Cup» турнирі ұйымдастырылып отыр.
Мұндағы басты мақсат – Ата Заңымыздың 20 жылдығы қарсаңында салауатты өмір салтын насихаттап, Ұлттық теннис орталығы мен БАҚ арасындағы қарым-қатынасты дамыту, тұрғындар мен жастардың тенниске деген қызығушылығын арттыру.
Журналистер арасында өтетін спорттық сайыс командалық құраммен олимпиадалық жүйе арқылы өтпек. Шымкент қаласы Б.Момышұлы көшесі бойында орналасқан Ұлттық теннис орталығы турнирге дайындық жұмыстарын жүргізу үшін тегін корттар беріп, қолына қалам ұстаған жандардың жан-жақты дайындалуына мүмкіндік жасамақ.