32 палуан әр облыстан іріктеліп шықты. Ал, былтырғы турнирде жеңімпаз атанған шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов жарысқа іріктеусіз өтеді.
Биылғы «Қазақстан Барысына» қатысатын 33 палуанның 16-сы бұған дейінгі сайысқа түскен. Оның ішінде турнирге үзбей қатысып келе жатқан үш палуан бар. Олар – 2012 жылғы «Қазақстан Барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл обл.), 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғмаров (ШҚО) және Ақмола облысының алыбы Нұрлан Жамалов.
Ал, Мұхит Тұрсынов (ШҚО), Максим Гербер (Қостанай обл.), Ғани Сейділдаев (Астана қ.) және Рүстем Жұмаев (СҚО) «Қазақстан Барысы» турнирінде төртінші рет бақтарын сынамақ.
2011 жылдан бері өткізіліп келе жатқан турнирге көз жүгіртер болсақ, Шығыс Қазақстан облысының палуандары өзгелерден оқ бойы озық тұр. Шығысқазақстандықтар осыған дейін бес жүлденің иесі атанған. Оның екеуі бас жүлде. Жалпы соңғы екі жылдағы турнирдің финалы Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облысының палуандарының текетіресімен өтті.
2013 жылғы финалда шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров қарағандылық Ержан Шынкеевтің жауырынын жерге тигізсе, былтыр шығыстың тағы бір палуаны Мұхит Тұрсынов Қарағандыдан келген Асыл Бәрменовтен айласын асырған, деп жазады kazakhstanbarysy.kz сайты.
Турнирдің төртжылдық тарихында еліміздің бес облысының палуандарына жүлде тиген:
ШҚО – 2 алтын белбеу, 1 күміс белбеу, 2 қола белбеу;
Жамбыл обл. – 1 алтын белбеу, 1 күміс белбеу;
Қызылорда обл. – 1 алтын белбеу, 1 қола белбеу;
Қарағанды обл. – 2 күміс белбеу;
ОҚО – 1 қола белбеу;