Басты Жаңалықтар Әрбір жетінші отбасында балаларға жеткілікті көңіл бөлінбейді

Әрбір жетінші отбасында балаларға жеткілікті көңіл бөлінбейді

Елдегі әрбір жетінші отбасында балаларға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Бала құқықтарын қорғау комитеті жүргізген сауалнаманың нәтижесі осындай. Оған қатысқан 50 мыңнан астам ата-ананың 14 пайызы «жұмыста жүргендіктен бала тәрбиесіне уақыт жетпейді» деп жауап берген. Әсіресе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысы, Алматы, Қостанай тұрғындары отбасыдан гөрі қызметіне көбірек ден қойған. Ал Шығыс, Батыс Қазақстан және атыраулықтардың шамамен 10 пайызы кейінгі кезде ұл-қызына уақыт бөле алмайтынын айтқан.

Ал «Юнисеф» ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес, қазақстандық балалар әлеуметтік желіні төрт жастан бастап қолданады. Ал 5 пен 12 жас аралығындағы ұл-қыздардың 55 пайызының инстаграм мен тикток желілерінде жеке парақшасы бар. Бірақ ата-аналардың 17 пайызы ғана балаларының қандай контент қарайтынын қадағалайды. Буыны қатпаған бүлдіршінді әлеуметтік желіде бақылаусыз қалдырудың зардабы қандай?

Айтолқын Базарқызы, балалар психологы:

Көбіне баланың экранда отыруы, теледидар көруі баланының эмоционалды дамуына кері әсер етеді. Бала ата-анасының махаббатын көрмегендіктен, ортасындағы балаларға әлімжеттік жасауы мүмкін немесе мүлдем тұйықталып, ешкіммен араласпай, өзін оқшау ұстауы мүмкін.


Бөлісу