Асхат Сағынаев: Қанат Исламның жекпе-жегін көрсетуге дайынбыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асхат Сағынаев: Қанат Исламның жекпе-жегін көрсетуге дайынбыз

02.07.2015
Асхат Сағынаев:  Қанат Исламның жекпе-жегін көрсетуге дайынбыз

Асхат аға, алдымен  спорт журналистері күнімен және KAZsport» арнасының 2 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз!

– Рахмет!

Аға, әңгіменің басын спорт журналистикасына келуіңізден бастасақ? Әдетте спорт журналистерінің көбісі әуелде спортқа қызығады, сол махаббаты арқылы журналистикаға келеді. Журналистиканың осы саласы сізді несімен қызықтырды?

–  Біріміз ауылдың баласымыз ғой. Ауыл баласы секілді менде кітапты оқып өстім. Біздің балалық кезіміз 90 жылдарға тура келді. Ол жылдары ауылда қызық жоқ. Қазіргідей компьютерлік ойындар, ұялы телефон жоқ. Бар ермегіміз кітап болатын. Маған қатты әсер еткен 3 кітапты атай аламын. Біріншісі, Несіп Жүнісбаевтің «Мексикадағы футбол тойы», екіншісі, С.Бердіқұловтың «Спорт деген бір сыйқыр» кітабы. Әлі күнге дейін үйімде  сақтаулы. Ал, үшіншісі Б.Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» атты кітабы. Бұл кітаптарды шамамен, үшінші сынып кезімде-ақ, оқып бітіргенмін. Бертін келе теледидардан жылына бір ірі спорттық додаларды көре бастадым. Футболдан 1994 жылғы Әлем чемпионаты, 1996 жылғы Еуропа чемпионаты, Атланта Олимпиада ойындары қатты есімде қалды. Сөйтіп, біртте-бірте спортқа деген, спорт журналистикасына деген махаббатым ояна бастады.

Қазір ерінбегеннің бәрі комментаторды сынағыш болып кетті ғой. Бір жылдары сізде сол сынға іліктіңіз. Жалпы, сынға қалай қарайсыз?

– Әрине, біраз сынға іліктім. Жасырып қайтемін. Талай-талай сындар айтылды. Редакцияға, басшыларға көптеген ескертпелер айтылды, хаттар да келді. Тіпті, басылым беттеріне шыққандары да болды. Олардың барлығын оқып, барлығымен таныстым. Ешқандай орынсыз сын айтылмады. Барлығы орнды еді. Қайта сол сындар мені ұялтты, мені ойландырды, кейбірі қай бағытта жұмыс істеу керектігін айқындап берді. Сынаған кісілердің барлығына ризамын, алғысымды айтамын. Ешқайсысына өкпе-ренішім, жеке бас араздығым жоқ. Олардан ешқандай жамандық көрген емеспін. Сырттан көріп, сосын сын айтқан кісілерді қолдаймын, оларға дұрыс көзқараспен қараймын. Ал, әлеуметтік желіде отырып алып, сынайтын «сыншыларға» мән бермеймін. Олардың мақсаты сынау емес, керісінше тисіп-мұқатып қалу. Оларға көңіл бөліп, назар аударудың қажеті жоқ. 

«KAZsport» арнасындағы комментаторлардың кәсіби шеберліктерін қалай бағалайсыз? Жалпы, өз тәжірибеңізбен жиі бөлісіп тұрасыз ба?

– Неге бөліспеске?! Бөліскен кезде  оларды бір бөлмеге жиып алып «сен былай айт, сен былай айт» демеймін. Әңгіме, көп жағдайда әріптестеріммен эфир басталуға 1 сағат немес 1 күн қалған кезде, уақытымыз бос кезінде футбол туралы, бокс туралы көп айтамыз. Сонымен қатар, ұлттық спорт, әлемдік спорт туралы да пікір алмасып отырамыз. Өйткені, бәріміз «бір терінің пұшпағын илеп жүрміз» ғой. Кейде эфир барысында біріміздің артық айтқан тұстарымызды ескертіп те отырамыз. 

Негізгі мамандығыңыз филолог қой. Сондықтан, тікелей эфирде сөйлегенде тіл заңдылықтарын қатаң ұстанасыз ба?

– Тіл тазалығы деген кезде мен өзім туа бітті диалекттерді қолданғандарды онша ұнатпаймын. Өйткені, Қазақтың жері кең болғанымен қазақтың тілі – біреу. Мысалы, америкалық ағылшы тілділер мен британиялық ағылшын тілділер кейде бір-бірін түсінбей қалатын кездер болады. Тіпті, Ресейде, Украинада, Германияда, Францияда осындай жағдай. Мамандығым филолог болған соң, бұл жағдайды әбден зерттеп көргенмін. Ал, қазақ тілінің басты ерекшелігі батыс, шығыс, оңтүстік немесе солтүстік болсын – бір тіл. Дегенмен, диалекті меніңше аз қолданған дұрыс. Себебі, біздің елімізде тұрып жатқан өзге тіл өкілдері түсінбей қалуы мүмкін. Диалект тілді тек комментаторлар ғана емес жалпы тележурнаистер аз қолданса екен тілек бар.

Жаз айында халық демалысқа шыққанымен телевизия қызметкерлері үшін керісінше қызу жұмыстар кезеңі. Күзгі маусымға дайындықты бастап жіберген боларсыздар?

– «KAZsport» телеарнасы бірінші кезекте трансляциялық арна. Эфиріміздің 80 пайызы трансляциядан құралған. Сондықтан, біз көрермендерді өте жақсы репортаждардан, қызықты спорттық турнирлерден хабар таратып, қуантуды ары қарай жалғастыра беремекпіз. Бұйыртса, тамыз айының аяғында, яғни, 24-30 тамыз аралығында Астанада дзюдодан Әлем чемпионаты өтеді. Шараны «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Біздің арна секілді бұл Әлем чемпионатынан еш телеарна кең көлемде репортаждар жасамайды. Біз барлық жекпе-жекті көрсетуге ниеттіміз. Бұдан бөлек, қазан айында Катар астанасы Доха қаласында бокстан Әлем чемпионатын тікелей эфирде көрсетеміз. Хюстонда өтетін Ауыр атлеткадан Әлем чемпионатын да біздің арнадан көре аласыздар. Сонымен қатар, елімізде және шетелде өтетін бірқатар спорттық турнирлерден тікелей хабар таратамыз.

Жанкүйерлер тарапынан «Қанат Исламның жекпе-жегін «KAZsport» арнасы қашан көрсетеді?» деген сұрақ көптеп қойылуда. Бұған не дейсіз?

– Бұл сұраққа мен емес, Қанат Исламның проумоутерлік компаниясы жауап беру керек деп есептеймін. Өйткені, Қанаттың әлі бірде-бір жекпе-жегін әлемдік телеарналар түсіріп жатқан жоқ. Бұл дегеніміз – Қанат Исламның чемпиондық атаққа таласу үшін әлі біраз тер төгуге тура келеді. Ал, біз Қанаттың жекпе-жегін көрсетуге әрқашан дайынбыз. Ол үшін, Қ.Исламның проумоутерлік компаниясы Геннадий Головкин сияқты аудиториясы үлкен жекпе-жек ұйымдастыру қажет. Және, жекпе-жегін әлемдік арналар көрсетуі тиіс. Сонда ғана біз Қанаттың жекпе-жегін эфирден көрсете аламыз. Қанат бауырымыз мұхиттың арғы бетіне қазақ елін Әлемге таныту үшін кетті ғой. Сол себепті біз Қанатты әрдайым қолдаймыз.

Әлемдік ауқымды іс-шаралардан хабар, ақпарат таратуға арнаның техникалық әрі журналистік мүмкіндіктері қаншалықты?

– Телеарна еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін арман болған, отандық спорттың қарқынды дамуына үлес қосып келе жатқан арна. Жалпы, Қазақстан спортының соңғы жетістіктеріне қозғаушы күш болған екі үлкен шара бар. Бірі – елімізде өткен VII Қысқы Азия ойындары болса, екіншісі – осы «KAZsport» телеарнасының ашылуы. Бұл бірінші кезекте спорттық мәдениетті қалыптастырды. Сондай-ақ, халық ел мақтаныштарының жетістіктерін көріп-білуде. Біздің ең басты жетістігіміз – ел аумағында ұйымдастырылған екі үлкен спорттық шараны тікелей эфирде көрсетуіміз. Яғни, 2013 жылы Алматы қаласында өткен бокстан Әлем чемпионаты мен 2014 жылы ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионаты. Одан бөлек, былтыр Бразилияда өткен футболдан Әлем чемпионатының барысын «KAZsport» телеарнасының қызметкерлері  тікелей репортаж жасау арқылы халық назарына ұсынды.  Бұл – қазақ телевизиясы тарихында алғаш рет болған үлкен шара. Сондықтан, әлемдік шаралардан хабар, ақпарат таратуға арнаның техникалық әрі журналистік мүмкіндіктері жоғары.

Спорт журналистері, спорт комментаторлары спорттың арнайы бір түріне маманданған дұрыс па әлде бәрін бірдей меңгергені абзал ма?

– Негізінде, біздің көрермендер байқағаны болу керек, бізде қазірдің өзінде комментаторлар салаларға бөліне бастады. Өйткені, әр спорт журналисі әр саланың маманы болып қалыптасу керек. Дегенмен, әмбебап журналистер, комментаторлар бар. Олардың әмбебаптығын неге пайдаланбасқа?! Сондықтан, біз бұл мәселеге келгенде екі жақты жұмыс істеп жатырмыз. Бізде, ұлттық спорт және жекпе-жек түрлерін жүргізетін комментаторымыз, қысқы спорт түрлерін жүргізетін комментаторлар бар. Барлығы сол спорт түрін мықтап меңгерген. Барлығы қазақ тілді комментаторлар. Сонымен қатар, қазіргі таңда әр репортажымзға сол спорт түрінің кәсіби мамандарын шақырып, солармен бірге жүргізуді қолға алдық.

Соңыңыздан ерген спорт комментаторлардың аяқ аласын қалай бағалайсыз?

– Кейінгі комментаторларға менің баға беруім әділетсіздік болар. Ата-ана ешқашан балаларын алаламайды немесе ұстаз ешқашан өз шәкірттерін бөлеж-жармайды. Ал, арнамыздағы барлық комментаторлар өз жүректерінің қалауымен келген. Жігіттердің бәрі сайдың тасындай, бәрінің өз айтарлары, ерекшеліктері бар. Ешқайсысы бір-бірлеріне ұқсамайды. Бір сөзбен айтқанда еліміздің үздік комментаторлары – осы «KAZsport» телеарнасында шоғырланған.

 

Әли БИТӨРЕ

Kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу