«KAZsport» телеарнасының эфирге шыққанына 2 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«KAZsport» телеарнасының эфирге шыққанына 2 жыл толды

01.07.2015
«KAZsport» телеарнасының эфирге шыққанына 2 жыл толды

Телеарна «Қазақстан», «Балапан» және 14 аймақтық телеарналарды топтастырған «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамына енеді.

«KAZsport» телеарнасын «Отау ТВ» ұлттық жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі мен кабелъдік жүйеде хабар тарататын операторлар арқылы көруге болады.

Таралатын жалпы хабарлардың 70 пайызы тікелей және түпнұсқа трансляциялардан тұрады. Олардың негізгісі - елімізде кең қанат жайған спорт түрлерінен өтетін ішкі чемпионаттар мен халықаралық бәсекелер.

Телекөрсетілімдер қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жалпы хабарлардың 20 пайызын жаңалықтар мен бағдарламалар ал, 10 пайызын деректі фильмдер құрайды.

«KAZsport» телеарнасынан қазақстандық жанкүйерлер Ұлттық құрама командалар қатысатын құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстарды, ел біріншіліктерін тікелей эфирде көре алады. Телеарна тәулігіне 20 сағат хабар таратады.

«KAZsport» телеарнасының шығармашылық ұжымында өз ісінің білікті мамандары қызмет атқарады. Олардың арасында Қазақстанның ең үздік спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлденің иегерлері бар.

2014 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда ашылған тұңғыш мемлекеттік спорт телеарнасы «KAZsport» эфирге шығып, спорттық трансляция тарата бастағанына 1 жыл толды. Осы қысқа уақыт ішінде телеарна спортсүйер қауымға ел аумағындағы жарыстарды ғана емес, әлемдік дүбірлі додалар көрсетілімін тікелей эфирде ұсынды.

Атап айтсақ, Қазанда өткен Жазғы Универсиада, теннистен әлемнің хас шеберлері жиналатын «Australian Open», «Roland Garros», дзюдодан өткен әлемдік Гран-при турнирлері, Инчхонда өткен Азия ойындары, ауыр атлетикадан Әлем чемпионаты соның айқын дәлелі.

2014 жылы Сочи Олимпиадасының спорттық ареналарынан тікелей және жазбаша нұсқада трансляцияларды, WSB аясында «Астана арландары» клубының 2014 жылғы маусымын көрермендер «KAZsport» арнасында көрді.

 

2014 жылдың тағы бір дүбірлі додасы – Бразилияда өткен футболдан Әлем чемпионатының көрсетіліміне тыңғылықты дайындықтар жүргізіліп, Әлем чемпионатын «KAZsport» телеарнасы көрермендерге тікелей эфирде ұсынды.

Ал, 2015 жылдың 1 шілдесінде «KAZsport» телеарнасы өзінің 2 жылдығын атап өтуде. Осы жылы арна көрермендерге футболдан әлемдегі ең қызықты лига саналатын Ағылшын Премьер Лигасы ойындарын ұсынды. Қазақстанның Премьер Лигасының әр туры да апта сайын тікелей эфирде өтеді. Айта кетейік, 2013-2014 маусымда Германияның Бундеслигасы көрсетілген еді. Сонымен қатар, кәсіпқой бокста Геннадий Головкинмен қатар, Иса Ақбербаев, Роман Жайлауовтың жекпе-жектері тікелей эфирде көрсетілді.

Осыған қоса футзалдан «Төртеудің финалы», теннистен «Дэвис Кубогы», «Ролан Гаррос» турнирі, дзюдодан Гран-При кезеңдері, волейболдан Әлемдік Лига ойындары, велоспорттан «Швейцария туры», футболдан Еуро-2016 турниріне іріктеу ойындары мен «ҚР Президенті Кубогы» сияқты халықаралық жарыстар тікелей эфирде көрермендерге жол тартты.

Сол сияқты, «KAZsport» телеарнасы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы көремендерді спорт әлемінің жаңалықтарымен, анонстармен әркез уақтылы хабардар етіп отырады.

Осынау бір жыл ішінде тікелей эфирде жүргізілген спорттық көрсетілімдер кем-кетіксіз болды десек жаңсақ болары анық. Техникалық ақаулардан эфирді жалғастыруға мүмкіндік болмай қалған кездерде көрермендердің жаңадан қаз-қаз басқан телеарнаның шығармашылық тобына түсіністікпен қарағанына дән ризамыз.

Дегенмен, еліміздегі жалғыз спорт телеарнасына ұсыныс-пікірлеріңіз болса, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымыз арқылы, kazsport.kaztrk.kz сайты арқылы да білдіре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу