Астанада 22-28 маусым аралығында өтіп жатқан III халықаралық «Сахнадан сәлем!» театр фестиваліне келген М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының режиссері Елік Нұрсұлтан және актер Дулыға Ақмолда бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Біз фестивальге «Қорқыттың көрі» атты қойылыммен келіп отырмыз. Режиссері – литвалық Йонас Вайткус. Спектакльді кеше көрермен назарына ұсындық. Халық жақсы қабылдады. Театр мамандарының да пікірі оң болды».
«Бұл спектакль Қазан қаласында өткен түркі тілдес халықтардың фестиваліне қатысып, ол жақтан да оң баға алды. Бұл фестивальге қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Алайда, шетелге шығып, Қазақ елін таныстыру жауапкершілік жүктейді. Сол себепті, ол жақтан да табысты қайтқанымызға өте қуаныштымыз»,-дейді Дулыға Ақмолда.
«Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді», деген бар. Оның үстіне театр өнері сынсыз болмайды. Сынды да тыңдай білу керек. Менің ойымша, кейінгі кездері сын айту азайып кеткен сияқты. Әрине, жақсы сыншыларымыз да бар.
Әшірбек Сығай ағамыз тәрбиелеген жас сыншылар өсіп келеді. Халықаралық фестивальдерге барып, әлемдік сыншылармен араласып, пікірін айта алатын Бақыт Нүрпейісова, Әлия Бөпежанова сияқты сыншыларды айтуға болады».
Белгілі бір қойылымға актер таңдау мәселесіне тоқтаған Елік Нұрсұлтан: «Актер таңдауда қатып қалған қағида жоқ. Актер бір ғана критериймен алынбайды. Ол – қойылымға, актердің өзіне, жағдайға, тіпті театрдың саясатына байланысты таңдалады. Актер рөлге келіп тұрса, оның рөлді алып шығатынына сенсек, бойына, кескін-келбетіне қарамай-ақ ала береміз»,-дейді.
Сұхбаттың толық нұсқасы – «Таңшолпанда».