Театрлардан тарту - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Театрлардан тарту

01.07.2014
Театрлардан тарту

Астана тойына театр ұжымдарынан тарту. «Сахнадан сәлем» фестивалі биыл екінші рет көрерменге жол тартады. Әрі жылдағыдан өзгеше, халықаралық деңгейде өтеді. Шетелден екі театр, ал Елорданың он алты жылдығына орайластырып бізден он үш театр озық қойылымдарын көрсетеді. Әртүрлі бағытта, әрине. Комедия көп, трагедия тыс қалмайды, драма да болады.

Барлығы көрермен талғамына байланысты. Айта кетейін, осы жолғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі - биыл тұңғыш рет қуыршақ театры қатысады. Бас қаланың туған күніне арналған театр мерекесі туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз болды.

Жалпы, көрсетілген қойылымдарды біздің театр тарландары мен шетелдік сарапшылар саралайды, бағалайды. Ал баға беру театрларды өзара жарыстыру емес, кәсіби деңгейді көтеруді көздейді. Айтпақшы, осыдан жарты сағат бұрын «Жастар» театрында «Сахнадан сәлем» фестивалі салтанатты түрде шымылдығын түрді.

Болат Ұзақов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

1 шілде мен 6 шілденің арасында он үш спектакль көрсетіледі. Бүкіл театрлар Астанаға келгісі келеді, қатысқысы келеді, бірақ кейбірінің деңгейі осындай үлкен Астанаға келіп, халықаралық жарысқа қатысатындай емес.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу