Астанада «Әскери керней» фестивалі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Әскери керней» фестивалі өтеді

19.06.2015
Астанада «Әскери керней» фестивалі өтеді

20 маусымда Астанада әскери оркестрлер арасында «Әскери керней» фестивалінің мерекелік саптық концерті өтеді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының баспасөз қызметі. Сайысқа қатысушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының жүлдесі үшін бақ сынаспақ.

Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған мәдени шара Астана және Қазақстан полициясы күні мерекелері, сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы мен Ата Заңның - 20 жылдық мерейтойларына арналған.  Шара  Астана әкімдігінің қолдауымен өткізілмекші.

Шара әскери оркестрлердің өнерін жұртшылыққа кең көлемде насихаттауға, өнер ұжымдарының шеберлігін шыңдауға, әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған.

Фестиваль аясында 10 әскери оркестр ұжымы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогы үшін шығармашылық өнерлерін ортаға салып, бабы мен бағы келіскен өзара мықтыны анықтайтын болады.

Сайысқа  еліміздің Ұлттық Ұлан өңірлік қолбасшылықтарының, Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, сондай-ақ, Ресей Федерациясы ІІМ Ішкі әскерлерінің «Солтүстік-Батыс» өңірлік қолбасшылығы штабының (Санкт-Петербург) оркестр ұжымдары қатысады.

Хабарламаларға жазылу