Елордада 8-12 сәуір аралығында «Жастар жалыны - 2016» шығармашылық фестивалі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 8-12 сәуір аралығында «Жастар жалыны - 2016» шығармашылық фестивалі өтеді

31.03.2016
Елордада 8-12 сәуір аралығында «Жастар жалыны - 2016» шығармашылық фестивалі өтеді

Астанада жыл сайын көктемде студенттер арасындағы «Жастар жалыны - 2016» фестивалі өтеді. Төртінші рет өткізілетін шара елордалық жігерлі әрі шығармашыл жастардың басын қоспақ, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Алғашқы «Жастар жалыны» фестивалі 2013 жылы ұйымдастырылған болатын. Оған Астанадағы барлық оқу орындарынан жүздеген дарынды студент қатысты. Сол сәттен бастап көктем мен достық мерекесін өткізу дәстүрге айналды.

Бүгінде қалалық ЖОО-лар мен колледждерде шығармашылық атмосфера орнады, креативті идеялар ұсынылып, номерлер мен қойылымдар әзірленуде, костюмдер тігіліп жатыр. «Жастар жалыны» фестивалінің ашылуы 8 сәуірде өтеді. Биыл шығармашылық фестиваль ерекше салтанатты форматта өтеді және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады.

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының жастар жобалары бөлімінің сарапшысы Зүлфира Арықбаеваның айтуынша, биыл шараға біраз жаңашылдықтар енгізілген. Бұрынғы алты номинацияға «Үздік волонтерлық жоба», «Авторлық оқу», «Что? Где? Когда?» интеллектуалды ойыны, сондай-ақ, «Квест» шытырман ойыны қосылған.

«Бұл жолы фестиваль ауқымы кеңейді, жастар шығармашылық және зияткерлік бағыттардағы сайыстарға қатысады. Биыл шараға қатысушылар саны артады деп ойлаймыз», – дейді З. Арықбаева.

«Жастар жалыны-2016» жастар фестивалі 8-12 сәуір аралығында қаланың түрлі алаңдарында өтеді.

13 сәуірде сағат 18.00 «Конгресс-Холлда» өтетін гала-концертте 10 аталым бойынша жеңімпаздардың есімі белгілі болады.

Хабарламаларға жазылу