28 маусым күні Астанада «Наз» мемлекеттік би театрының шығармашылық кеші өтеді. Осыған орай ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Наз» мемлекеттік би театрының көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері Қадиша Ермекбайқызы және дәстүрлі әнші, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, термеші Зағипа Иманғазиева «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында 15 жылдық мерейтойға орай үлкен концерттік кеш өткізбекпіз. Он бес жылда қандай жетістікке жеттік, деген мақсатпен халық алдында есеп беру кешін өткізуді жөн санадық. Бағдарламамыз да, әндеріміз мен костюмдеріміз де жаңа болады. Кеште қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетеді»,-дейді Қадиша Ермекбайқызы.
«Наз» мемлекеттік би театры төрден ойып орын алатын салмағы бар театр. Театрда қызмет етіп жүрген жандардың барлығы өнер десе, ішер асын жерге қойып, жан-тәнімен беріледі. Театр ұжымы руһани әлемге толы»,-дейді әнші Зағипа Иманғазиева.
Әншінің орындауындағы Нұртуған Кенжеғұлұлының «Өнерліге не жетсін» атты термесін «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.