Арал аймағын көгалдандыру жайы өзекті
Арал теңізінің табанын көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта жалғасады. Бұл бағыттағы шаруаларды Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе қолға алған. Ташкентте өткен Орталық Азия елдері орман шаруашылығы өкілдерінің жиынында қазақстандық мамандар осылай деп мәлімдеді. Басқосуда аймақтағы экологиялық мәселелерді шешу жайы да талқыланды.
Арал өңірінде экологияны жақсартудың бірден-бір жолы жасыл желекті көбейту. Бұл ретте теңіздің құрғаған табанына көшет егу ісі қызу жүріп жатыр. Қазақстан тарапы отырғызған сексеуілдің саны жыл соңына дейін 1 млн 100 мың түпке жетеді деген жоспар бар. Жас көшеттерді суғару үшін 500 метр тереңдіктен құдық та қазылған.
Бағдәулет Амангелдинов, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:
Қазалы қаласында, яғни Қызылорда облысында питомник құрылды. Одан бөлек құдық қазу жұмыстары аяқталды. 500 метр тереңдіктен су шықты. Тұщы су көшеттерді суаруға жақсы.
Аймақты көгалдандыру бастамасын халықаралық сарапшылар жоғары бағалады. Жасыл желекті көбейту бойынша Орталық Азия елдеріне ортақ жоба қолға алынған. Оны тиімді жүзеге асыру аймақтық экология орталығына жүктеліп отыр.
Нодирбек Рахимжонов, Орталық Азия аймақтық экология орталығы филиалының директоры:
Біздің орталық жобаның барысын үнемі қадағалап отырады. Ол үшін ортақ портал құрылып, әр елдің жасап жатқан жұмыстары мен жоспарлары белгіленеді. Егер түйткілді мәселе туындаса, мамандарымыз шешу жолдарын көрсетіп, жобаның нәтижелі шығуына көмек қолын созады.
Орталық Азия елдері соңғы жылдары көгалдандыру жұмыстарына айрықша назар аударып жатыр. Мамандардың жариялаған есебі осыған дәлел. Орман шаруашылығы саласының өкілдері алдағы уақытта өзге де бірлескен жобалар жасауға уағдаласты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы