Рәтбай Мырзақұлов – Орталық Азиядағы «Ең көп мақала жариялаған ғалым» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Рәтбай Мырзақұлов – Орталық Азиядағы «Ең көп мақала жариялаған ғалым»

16.06.2015
Рәтбай Мырзақұлов – Орталық Азиядағы «Ең көп мақала жариялаған ғалым»

Қазақстандық физик, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, академик Рәтбай Мырзақұлов  Орталық Азиядағы «Ең көп мақала жариялаған ғалым» атанды. Сондай-ақ, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның 9 ғалымы жүлденің лауреаттары атанды.

Академик Рәтбай Мырзақұлов ғылым әлемінде астрофизика, гравитация теориялары мен қараңғы материялар туралы жұмыстарымен танымал. Бүгін таңғы бағдарламада қонақта болған ғалым жалпы ғылым жөнінде әңгіме өрбітті.

«Ғылым мен дін ұқсас. Ғалым сол дін жолындағы адамға ұқсайды. Ғылым болсын, басқа сала болсын, еңбегің бағаланып жатса, адамның мерейін өсіреді, елдің алдында белгілі  бір дәрежеде мәртебе береді. Осыдан  3-4 жыл бұрын үш ғалым Нобель сыйлығын алды. Олар тәжірибемен айналысады. Сол ғалымдар алғаш рет әлемнің кеңіп бара жатқанын тәжірибелік түрде ашты. Ол кісілерге дейін физиктердің ортасында керісінше көзқарас бар еді. Бұл 1998 жылы болған. Міне, 15 жылдан кейін ғана бұл ғалымдарды бағалап, Нобель сыйлығын берді».

«Біздің бүгінгі мақсатымыз – сол тәжірибенің табиғатын түсіндіру. Бұл бағытта әлем бойынша көптеген ғалымдар жұмыс істеуде. Соның ішінде қазақстандық ғалымдар яғни, біздің тобымыз да бар. Еңбегіміз еленіп, халықаралық дәрежеде бағаланды. Ғылым саласы бойынша жетекші компания «Springer»-дің жүлдесіне ие болдық»,-дейді ғалым.

«Біздің елде ғылым саласы бойынша жақсы өзгерістер болып жатыр. Ол өзгерістердің көзі – Президентімізде. Сол кісіден толқын тарауда. Бір таң қалатыным – Елбасымыз ғылымды дәл түсінеді екен. Мысалы, «хирша индексі» деген термин тек ғалымдар ғана білетін сөз. Ал, ол кісі баяндамаларында осыны келтіріп жүрген екен».

«Ғылым жалғаса береді. Оны жастарға беріп, халықаралық дәрежедегі ғалым етіп шығару – парыз»,-дейді Рәтбай Мырзақұлов.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу