«Másele». Отандық ғылымдағы ақша мен атақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Másele». Отандық ғылымдағы ақша мен атақ

30.03.2019

Хәкім Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», депті. Қасиеті қалың елге қазық, өсиеті қауым елге азық болған қазақта бұрын солай еді, ал бүгін арзан атақ пен ақшаны алдыға қойып, сонымен сынасып жүрген желөкпелер көп. Біразын көрдіңіздер. Енді Құнанбайдың ұлының сөзіне жүгініп ғылымның ахуалын айтпаққа ат шалдырайық. Өйткені, кандидат, доктор, профессор деген дәрежелерді алу үшін де ақылдан бұрын араға ақша салатын адамдар көп дегенді ұзынқұлақтан естідік.

Хош, мынаны қараңыз, «ЮНЕСКО»-ның есебіне жүгінсек, әлемде 5 жарым миллион ғалым бар екен. Жаһан жұртын жақсылыққа бастайтын жаңалық ашады деген сеніммен олардың әрқайсысына жылына 150 300 доллар беріледі. Бұл сома бір өңірде аз, бір өңірде көп. Аталған 5 жарым миллион ғалым қай жерге қоныстанған десеңіз, Азияда 2 миллионнан астамы, Еуропада 1,8 миллионы, Солтүстік Америкада 1,4 миллионы, Оңтүстік Америкада 138400, ал Африкада 61 мың ғалым өмір сүреді.

Тыңнан түрен салып адамзаттың ертеңін бүгіннен де берекелі ету үшін таң атысы кеш батысы тынбайды-мыс. Бірақ, 3 жыл бұрын ғалым деген атқа дақ түсті деп дабыл қақты білетіндер. Олар қазір Жер бетінде 6 миллионға жуық шын ғалым және сонша өтірік ғалым бар деді. Мәселен, парапсихология, уфология, нумералогиямен айналысатын адамдар ғалым емес, ал аталған бағыттар мүлдем ғылымға жатпайды деп іреп салды.

Ол ол ма, шын оқымыстылардың ортасына от тастап жүргендерге «Алтын шалқан» премиясын беруді ұсынды. Міне, бұл сыйлық жылдың ең дарынсыз өнерпазына және оның туындысына табысталады. Алғашқы жеңімпазы Трейси Эмин болды, ол менің төсегім деген инсталляция жасаған. Сұрқы міне, пияз сынды көкөністі тот басқан шегеге қадап жариялай салған ғой. Ұят-ай. Осы тектес шығармаларға 1999 жылдан бері табысталатын премияны енді  өзгенің ғылыми еңбектеріне жиендік жасағандар мен атақты сатып алғандарға беру керек деген бастама көтерілді. Орынды-ақ, өйткені бүгін біреу жалған жаңалық ашады, екіншісі ерініп өзгенің еңбегін көшіріп басады, үшіншісі одан да асады...

Зілі бар әзіл. Расында біздеде әрнені ашып, абыройды шашып жүргендер көбейді. 2017 жылдың 22 қарашасында Парламент мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсова «Бізде ғылым докторы өте көп. Бірақ, олар дипломдық жұмыстың деңгейіндегі сұрақтарға жауап бере алмайды» деп сөгіп салды. Сол-ақ екен елдегі ғылыми институттар бірден депутат ханымды бас салды.

Әрі тартта, бері тарт болған тақырып тез тынши қоймады.Ғылыми зерттеулер орталығы қазақстандық ғалымдардың мақаласын жариялаған халықаралық басылымдарға «қоқыс» деп айдар тақты. Яки біз сенген отандық оқымыстылар шетелдік журналдарға мақаласын жариялау үшін орта есеппен 1500 АҚШ долларын төлейтінін білдік. Ол ол ма, сарапшылар 2017 жылы қазақстандық ғалымдар Scopus-тағы индекстелген жалған басылымдарда кемінде 251 мақала жариялағанын, олардың бәрін «қоқыс» деп есепке алмау керегін ескертті. Ал керек болса. Отандық ғылымдағы ақша мен атақтың бәсін Азамат Бейбітұлы байыптап көрді, қараңыздар...

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу