Ұлттық арнада - айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнада - айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы

22.05.2015
Ұлттық арнада - айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы

Ұлттық арнаның «Поэзия әлемі» хабары осы аптада айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлының шығармашылығы туралы сөз қозғайды.

Дәулеткерей Кәпұлы 1977 жылы 9 тамызда дүниеге келген. 

1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, 2002 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін тәмамдаған.

Әр жылдардағы республикалық айтыстардың бас жүлдегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, Түркітектес халықтардың Қаражолан атындағы VIII еларалық поэзия фестивалінің лауреаты, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

«Сүтті іңір», «Бүлдірген ағып түскенше», «Шер толғақ» жыр жинақтарының авторы.

«Дәулеткерей тума шешендігімен дараланады», дейді ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.

Айтыскер ақын шығармашылығы туралы  «Поэзия әлемі» хабарын ертең, сағат 13.45-те көре аласыздар.

Айналсоқ 

Ана бір жылы ауылға барғам,

Ілгері жетелеп ілкімді ой.

Дауылда қалған, жауында қалған,

Жерден таяқ жеген жұртым ғой.

 

Ауылға барғам, бал күнімді аңсап,

Көзімді сулап көне жұрт.

Бастырмап едің тағдырым жаңсақ,

Көне жұртқа атан шөгеріп.

 

Күрсіне айтып жұртқа жырымды,

Естідім үнін Ұмайдың.

Түркіден қалған түп-қазығымды,

Құшақтап тұрып мұңайдым.

 

Балалығымнан, балғын ғұрпымнан,

Баян таптырар жоқ бейне.

Айналсоқ тауып алдым жұртымнан,

Айналып қайта соқ дей ме?!

 

...Байқамай қазған азап қабірін,

Адасқан ұлға айтарым!

Қайран  арманым - Қазақтамырым,

Қастер тұтарым – байтағым.

 

Жүрек қашанғы қайғы алып солар,

Тәңірім солай жазып па?!

Арда ұлың болсын, айналып соғар,

Атамыз қаққан қазыққа!

 

 

Хабарламаларға жазылу