Роза Рымбаева: Батырхан біздің эстрададағы құзар шыңымыз еді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Роза Рымбаева: Батырхан біздің эстрададағы құзар шыңымыз еді

19.05.2015
Роза Рымбаева: Батырхан біздің эстрададағы құзар шыңымыз еді

Көзі тірі болғанда 18 мамыр күні Батырхан Шүкенов 53 жасқа толар еді. «Батырхан бізге келгенде саксафоншы болып қызмет етті. Ал, біздің ансамбльде алғаш орындаған әні Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершіні». Содан басталды. Бұдан кейін екеумізге «Мы встретимся» деген дуэт жазылды. Кейін «А-Студио»  құрылды, одан беріде «А-Студиодан» кетіп, жеке шығармашылығымен айналысты.

Ең соңғы концерті Республика сарайында өтті. Екі жарым сағаттай тек өзі ғана ән салды. Бұл кеш халықаралық деңгейде өтті. Себебі, Америкадан, Германиядан, Украинадан, Ресейден келген мықты музыканттар сүйемелдеді».

«Батырхан екеуміз сахнада ғана емес, өмірде де жақын дос болдық. Мені апам деп сыйлай білетін. Бірнеше дуэт орындадық. Жалпы, есеп беру концерттерімнен қалған емес. Бар жұмысын ысырып қойып, менің концертіме қатысатын»,-дейді әнші.

«Бүгінгі таңда біздің Батырханды тек Қазақстан мен Ресейге емес, халықаралық деңгейге қазақ ұлтын танытып жүрген халықаралық музыкант деп атауға болады. Себебі, Батырдан басқа еш музыкант ондай деңгейге көтерілген жоқ. Біз халықаралық деңгейді жеңіп алдық та, өз елімізде еңбек еттік. Ол болса, шетелдік музыканттармен бірге жұмыс істей алатын. Батырхан біздің – эстрададағы құзар шыңымыз еді»,-дейді Роза Рымбаева.

Ұлттық арна эфирінен «Ұлттық шоу» жаңа форматта «Ұлттық шоу: Роза шақырады» болып көрерменге жол тартты.

Бұл турасында Халық әртісі: «Мен үшін бұл ерекше емтихан. Себебі, бұрын-соңды мұндай жобаға қатысып көрмегенмін. Сценарий жағында үлесім бар. Кімді шақырғым келеді, қандай әңгіме айтқым келеді, соның барлығын сценаристпен бірлесе жаздық.  Әрине, кәсіби мамандар, режиссерлар менің дұрыс көрінуіме еңбек етіп жатыр. Сол үшін басымды иемін. Бұл – менің телевизиялық сахнадағы алғашқы бағдарламам»,-дейді.

Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу