Роза Бағланованың 100 жылдығын атап өту шаралары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Роза Бағланованың 100 жылдығын атап өту шаралары басталды

06.03.2022

Роза Бағланова. Ұлтымыздың санаулы бұлбұл әншісінің бірі. Және өзі «Халқым, мен сіздерден садаға кетейін» демекші, елді өліп-өшіп сүйген тұлға. «Мен соғысты көрдім. Бірақ қазіргі Аралдағы жағдайды бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Олар тұтас ұлтты жатырында жойып жатыр.

Қазақ жерінде не бар: Семейде-полигон, Байқоңырда – ғарыш айлағы, Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек?

Бұл не өзі? Кімнен сұраймыз? Кімге айтамыз? деп 1988 жылы Қазақ ССР -і орталық компартиясының пленумында айтқаны оның қандай адам болғанынан хабар берсе керек. «Іңкәрім-ай» деп мөлдіретіп ән салды, «Аралым-ай!» деп қатқыл дауыспен жар салды. Амангелді Сейітханның материалы.

Қуаныш Әбдіқалымов, ҚР мәдениет қайраткері: 
Апамыздың қасында мен 24 жыл концертін жүргізіппін. Әннің ешқандай стилін, интонациясын бұзбай айтатын әнші. Ондай әнші қазіргі заманда жоқтың қасы...
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі: 
Апамыз айтқан әндер әлі де шырқалып келеді. Ол неліктен? Себебі, апамыз әнді талғай білген. Композиторлар апамыздың дауысына арнайы әндер жазған.
Қуаныш Әбдіқалымов, ҚР мәдениет қайраткері: 
Мынау Шәмшінің аузынан естіген сөзім еді. Мені композитор еткен Роза Тәжібайқызы Бағланова деп. Сол Шәмші ағамыздың 70 процент әні осы апамызға арналып жазылған.
Марал Бағланова, Роза Бағланованың келіні: 
Достықтың белгісі болған адам. Өйткені қазақ қызының, қазақ киімін киіп Польша әнін айтып тұрғанын елдер көргенде әрине қазақ еліне махаббат оянады.

Роза Бағланованың өмір жолы көпке белгілі. Себебі, ол үнемі халық алдында жүрді. Ал, біз оның көпшілік біле бермейтін кейбір сырлары мен қырларына тоқталмақпыз. Мәселен, сахнаның сыртындағы, концертке дейінгі Роза қандай еді?

 Гүлшара Есетқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: 
 Роза апайдың концертке дайындалуы деген, халықтың алдына шығуы деген, таңертеңнен кешке дейін кешке шығатын халықтың алдын ойлайтын адам. Барлық дауысын да, өзінің түр-тұлғасында, қанша ауырып тұрса да бәрін халықтың алдында ұмытып кетіп, қанатын жайып шыға келгенде жарқ ете алатын керемет әнші.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі: 
 Біз үшін Роза апамыз сұлулықтың эталоны. Себебі, Роза апамыз қай заманда шықты сахнаға. Ол кезде қазіргідей жағдай жоқ қой. Соған қарамастан апамыз сұлулықтың символы болған.

Роза Тәжібайқызы сахна көйлектерінің үлгісін өзі сызған. Матасын да өзі таңдаған. Бірде бір сахналық киімін дүкеннен сатып алмаған. Тіпті, аяқ киімдерін де шеберлерге арнайы тапсырыс беріп, тіктірген.

Тамара Асар, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: 
Әрбір костюмінде өзінің ерекшеліктері бар. Сосын барлық суреттерінде өзінің сүйікті сырғасы болды. Сол сырғаны тағып шығатын, кез келген костюмге сол сырғаны үйлестіретін. Әйелдік образды тіке сақтаған адам, әйелдік нәзіктікті сақтаған адам.

Оның бойында әйелге тән нәзіктікпен қатар батылдық та бар еді.

Қуаныш Әбдіқалымов, ҚР Мәдениет қайраткері: 
Ер адамдардың айта алмайтын сөзін апам сол кезде қорықпай-ақ айтты.

Ал, егемендік жайлы айтқан сөзі бүгінгі күні тіпті өзекті сияқты.

Қуаныш Әбдіқалымов, ҚР мәдениет қайраткері: 
85 жасқа дейін осы біздің Қазақконцертегі жаңадан келген әртістерге квартира алып беруге, балаларын балабақшаға орналастыруға, жалақысын көтеруге жүгіріп жүретін. Апа шаршадыңыз ғой қайтесіз десем, жоқ өтініп сұрағасын отыра алмаймын, баруым керек деп бір машиналарды тауып алып, барып жүретін.

Роза Тәжібайқызының тағы бір ерекшелігі жақсы көрген адамдарының атын атамаған.

Гүлшара Есетқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: 
Маған жарқылдағым деп, үлкен немересіне алтын сақам деп, одан кейін келініне бозторғайым деп осындай жақсы аналық қасиеттері бар еді.
Марал Бағланова, Роза Бағланованың келіні: 
Маманың бір үйреткен сөзі бар. Үйдің ішін әрдайым қонақ келетіндей таза болып тұруы керек. Және қонақ келетіндей дастархан жайылып тұруы керек. Сол заңды біз ұстадық. Сосын мама ешқашан бөлмейтін. Мысалы, қарапайым журналист, оператор келсе де сол кісілерге де тура сондай дастархан жайып, шығарып салатын.

Сексеннен асқан шағында да қонақ күтіп, тіпті, сахнадан түспеген Роза Бағланова әрқашан сергек жүретін болған.

Гүлшара Есетқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: 
Мысалы, біз 400 км жүріп келе жатамыз. Біз қатты шаршаймыз. Біз мүлгіп-қалғып ұйықтап отырамыз ба, ол кісі 400 км апай алдына қарап, ой шіркін әндерінің бәрінің сөзін қайталап, музыкасын қайталап, анда-санда бізден сұрап қояды, әй мына әннің сөзі қандай жарығым деп, апай бірде бір көз ілмейтін адам.

Тынығып демалмаса да, жолдағы ауылдардың бәріне тоқтап, әнін айтып, бірде бір тыңдарманын тыс қалдырмаған.

Гүлшара Есетқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: 
Алты үй отыра ма мысалы, алты үй мені көргісі келіп отыр ол да менің халқым, бір қазақ болса да, екі қазақ болса да осы ауылда мен концерт беріп кетуім керек дейді. Екі бортовой машинаны қояды да қазіргідей сахнада жоқ, сол халқына 6-7 үйге концерт беріп кетеді.

Ән сүйер әр азаматты осылай бағалаған Роза Бағланованы да халқы “Қазақтың бұлбұлы” деп еркелетті.

Қуаныш Әбдіқалымов, ҚР мәдениет қайраткері: 
Апамыздың қазақ радиосының алтын қорында 120-ға жақын әндері бар. Сол әндері тұрғанда апамыз ешқашанда өлмейді. Ешқашанда ұмытылмайды деп есептеймін.


Хабарламаларға жазылу