«Астана Арена» стадионында өткен журналистер арасында шағын футболдан Сейдахмет Бердіқұлов атындағы Республикалық турнир аяқталды.
Республикалық турнирге еліміздің әр облысынан келген 16 команда 4 топқа бөлініп доп тепті. Турнир «УЕФА Чемпиондар лигасы» секілді топтық кезең, ширек финал, жартылай финал және финал үлгісінде өтті.
Таңғы сағат 10:00-де басталып, кеші 18:00-де аяқталған ойын өте тартысты өтті. Оған финал мен 3-орын үшін өткен ойын дәлел. Екі ойынның да жеңімпаздары ойын соңындағы пенальтиден анықталды.
Үшінші орын үшін жасыл алаңға ОҚО журналистер командасы мен қызылордалық «Ақмешіт» командасы шықты. Негізгі ойын 1:1 есебімен аяқталған соң жеңімпаз пенальтиден анықталды. Есеп 1:2. Қызылордалықтар турнирдің қола жүлдесін иеленді.
Ал, финалдық бәсеке алматылық «Алматы» телеарнасы мен «Хабар-Алматы» арасында өтті. Бұл ойында да жеңімпаз ойын соңындағы пенальтиден анықталды. Пенальти сериясы бойынша 2:1 есебімен «Алматы» телеарнасы жеңіске жетті. Сөйтіп «Алматы» телеарнасы қатарынан екінші рет турнирдің жеңімпазы атанды.
Ойын соңында жеңімпазбен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.