Иорданияның KASOTC оқу-жаттығу орталығында арнайы мақсаттағы топтар арасында 7-ші жыл сайынғы «Warrior-2015» сайысы басталды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.
Жарысқа қазақстандық әскери қызметшілер де қатысуда. Бұдан өзге ол жерге Қытайдан «Шабулдаушы ақ тұйғын», Колумбиялық «Коммандос», Иорданиялық полицияның арнайы операциялар әйелдер батальоны, Ливандық «Қара пантера», АҚШ «Теңіз мысықтары» және басқа да арнайы бөлімшелер келді. Авиациямен бірге тұтқындарды босату бойынша жасалған шабуыл элементтері, әсерлі парад – аталған іс-қимыл қатысушылардың барлығына таныс, үйреншікті жайт.
Төрт күн бойы барлығы 19 ел мен 43 команда жауынгерлерінен арнайы мақсаттағы топтары арасындағы барлық іс-қимыл бойынша ең мықтысы анықталатын болады. Өткізілетін жарыстың 10 кезеңінің 9-ы командалық құрамда бағаланады. Салтанатты ашылу рәсімінен кейінгі бірінші кезең ғана жеке біріншілік болып саналады. Бұл жерде әр топтан бір арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгері тапаншадан, автоматты винтовкадан және помпалық қарудан жылдам атудан күш сынасады.
Жеңімпаз KASOTC нұсқасы бойынша «Жыл мергені» атағына лайық деп танылады. Қазақстандық жауынгерлерге сайыс кезеңдері өткен жылғы жарыстан белгілі.
«Біз барлық кезеңге жете дайындалдық. Биыл бірқатар жаңа жаттығулар қосылды. Біз жігіттермен бірлесіп «үздік» сайысуға бар күшімізді саламыз. Жеңіс күніне барша қазақстандықтарға тамаша сый жасағымыз келеді»,- деді біздің команда.
Естеріңізге сала кетсек, осындай жарыстарға қазақстандық әскери қызметшілер төртінші рет қатысуда. Сонымен қатар Иорданиялық полицияның арнайы операциялар әйелдер батальоны тобының қатысуы биылғы жарысты өткен жарыстан ерекшелендіріп отыр. Төрешілердің айтуынша әйелдер батальоны басқа топтармен тең дәрежеде сайысатын болады. «Бұл арнайы мақсаттағы топтардың жарысы. Мұнда ешқандай жеңілдіктердің болуы мүмкін емес» - деп атап өтті төрешілердің бірі. Естеріңізге сала кетейік, жарыстың ақтық сыны 23 сәуірде өтеді.