Тағдыр сынына мойымаған, қайсар мінезімен көпке үлге болған спортшы
Дәл осы қысқы Паралимпиада ойындарында Мемлекеттік Туды пара шаңғы мен пара биатлоннан бақ сынайтын Ербол Хамитов ұстап шығады. Тағдыр сынына мойымаған, қайсар мінезімен көпке үлге болған спортшымыз жайында Асылбек Данияр баяндайды.
Ербол Хамитов – Петропавлдың тумасы. Жасы 28-де. Сегіз қырлы, бір сырлы спортшы. Жастайынан спортқа жақын болып өскен. Футбол ойнап, күреспен айналысты. Кейін ережесіз жекпе-жектен бағын сынап, Қазақстан кубогының жүлдегері болды.
Алайда оның ММА-дегі жолы ұзаққа созылмады. 2017 жылдың шілдесінде күзетші болып жұмыс істеп жүрген Ерболды бұзақылар соққыға жығып, сол аяғына оқ атады. Тізе тұсы қатты зақымданып, дәрігерлер аяғына ампутация жасауға мәжбүр болған.
Ғалия Алпысбаева, Ербол Хамитовтың анасы:
Аяғынан айырылған кезде бізге өте қиын болды. Біздің жанымызға батқан оқиға болды. Сонда мен жыладым. Қайтадан спортқа оралмайтын шығар енді, бір аяғы болмаған соң деп. Жоқ, керісінше оған күш бітіп кетті. Сонда осы Сергей Веселов пен Анатоли Ким көмектесті. Ол да айтты: мен аяғымнан айырылсам да, аяқсыз қалсам да бәрібір бәрімен ерегіскенде спортшы боламын, деді.
Иә, спортшы тағдыр тәлкегіне мойынсынбады. Ерік-жігер мұқалмады. Ауруханадан шыққан соң, бір ай өтер-өтпес спортқа қайта оралды. Алғашында грэпплингпен шұғылданады. Ал 2018 жылы пара шаңғы спортына бет бұрды.
Ғалымкерей Құсайынов, Ербол Хамитовтың әкесі:
Бірден күреске барып жүрді, жаттығуына барып жүрді. Өз-өзін тастап жіберген жоқ: аяғым жоқ, деп. Басында 1-2 аптадай қиналып жүрді. Ол өзі кішкентай кезінен берілмейтін ешкімге. Баратын жерлері Щучинск сонда жаттығады. Мартта келеді, 1-ақ ай демалады. Содан кейін жазда роликпен жаттығады.
Ербол – аз уақыттың ішінде үлкен нәтижеге қол жеткізді. Ол - пара биатлоннан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Қазақстан чемпионы, Әлем Кубогы кезеңдерінің мен әлем біріншілігінің жүлдегері. Сондай-ақ «Үлкен хрусталь глобустың» иегері.
Ерболдан жанкүйердің күтері көп. Бұл оның екінші Паралимпиадасы. Пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан бақ сынайды. Оның Бейжіңдегі жарыста көрсеткен ең үздік нәтижесі 5-орын.
Ғалия Алпысбаева, Ербол Хамитовтың анасы:
Ерболдың мақсаты өзім алып кеттім, өзім әкелгім келеді Туды, деп. Қазақстанның Туын көтерегім келеді, дейді. Қазақстанның Туына желбіретсем, дейді. Мен мақтан тұтамын, өте қуаныштымын Ерболымның осындай жетістікке жеткеніне.
Ербол жаңа белесті бағындыруға ниетті. Спортшының басты мақсаты: әлемдік додада көк Туды биікке көтеру.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы