Бүгін – Нұрғиса Тілендиевтің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Нұрғиса Тілендиевтің туған күні

01.04.2015
Бүгін – Нұрғиса Тілендиевтің туған күні

Әйгілі күйші-сазгер, дирижер Нұрғиса Тілендиев көзінің тірісінде-ақ қазақ музыкасының сайыпқыраны атанған. Еркін төгілген әсем әуен, сымбатты ырғақ, нәзік лиризм, азаматтық пафос пен динамикалық серпін – композитор шығармаларына тән қасиет.

Нұрғиса Тілендиев домбыра тартуды бес жасында әкесінен үйренген. Күндердің күнінде ауылға пойызбен Ахмет Жұбанов келеді. Пойыздан түскен ол там үстінде домбыра тартып отырған бала Нұрғисаны байқап қалады.

Кейін баланың шешесіне барып: «Жеңге, атым – Ахмет. Пойыздан жаңа түскен бетте назарым балаңызға ауды. Баланың бойында талант тұнып тұр, музыка мектебіне беру керек»,-дейді. Нұрғиса осылай ұстазы Ахмет Жұбановпен жолығып, музыка мектебінде, кейін консерваторияда білім алады.

Домбырамен қатар, ол  бокс қолғаптарын серік еткен екен. Алайда, Ахмет Жұбанов: «Не бокс, не музыка!», деп шарт қояды. Нұрғиса өнерді таңдайды. Консерваторияда білім алып жүрген кезде ол күй саңлағы Дина Нұрпейісовамен бірталай күй үйренеді.

Нұрғиса Тілендиев – «Ортеке» балет-поэмасының (1957) және «Менің Қазақстаным» (1959) кантаталарының, «Достық жолымен» балетінің (1958, Л.Б.Степанов, Е.Манаевпен бірге), «Алтын таулар» операсының (1961, С.Қожамияровпен бірге), оркестрге арналған «Поэма» (1962), «Ата толғауы» (1975), «Алтын дән», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс салтанаты» (1975) атты увертюралардың, 400-ден астам ән мен романстардың авторы.

Ол 50-ден астам драмалық спектакльдерге, жиырмаға жуық көркем фильмге («Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым – Қожа», т.б.), 17 мультипликациялық фильмге («Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», т.б.), 14 деректі-хроникалық фильмге («Академик Сәтбаев», «Ыбырай Алтынсарин», т.б.) музыка жазды.

Сазгер Нұрғиса ән жазғанда белгілі бір уақытты таңдамайтын. Әуен ойына оралған кезде дереу рояльге отырып, жаңа әнді дүниеге әкелетін. Одан кейін өнердегі достары, ақын Тұманбай Молдағалиев немесе Қадыр Мырза Әліге хабарласып, әнді тыңдатып, өлең жазып берулерін өтінеді.

Сазгердің Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Куә бол» әні айлы түнде туған. Нұрғиса Тілендиев жұбайы Дариғамен Алматы өзенінің жағасымен қыдырып келе жатады. Бір кезде сазгер өзен жағасындағы тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап:

«Куә бол, жұлдыз,

Куә бол, айым,

Куә бол, Алатауым!» - деп әндете жөнеледі.

Бірде сазгердің шаңырағына қонаққа ақиық ақын Мұқағали Мақатаев келеді. Сазгер мен ақын екеуі әңгіме-дүкен құрады. Бір кезде Нұрғиса: «Даха, домбырамды берші маған», деп жары Дариғаға домбырасын алғызып, «Аққу», «Арман» күйлерін тартып береді. Осы кеште ақын «Дариға, домбырамды берші маған» атты өлеңін жазады.  Кейін бұл өлеңге саз жазылады.

Бұл кездесуден соң ақын бір ай сазгердің үйінде жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. «Саржайлау», «Кел, еркем, Алатауыңа», «Мен сендерді іздеймін», «Сөнбейді, әже, шырағың» және т.б.  Өнер қырандарының бірлесе отырып жазған соңғы әні - «Есіңе мені алғайсың»...

Нұрғиса Тілендиев қазақ мультфильмдерінің атасы атанған Әмен Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сияқты ертегі-аңыз желісімен жасалған жұмыстарына ән жазған. Сондай-ақ, ол «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Қыз Жібек» сияқты қазақ фильмдерін әуенмен әрлеген.

Нұрғисаның күйі «Қыз Жібек» фильміндегі аққуларды «билеткен». Сценарий бойынша, Төлеген мен Жібек некесі қиылған соң, олардың махаббатының нышаны ретінде айдында жүзіп жүрген аққуларды экранда көрсету керек. Алайда, аққулар бір-біріне жақындамайды. Су астындағы сүңгуір мамандар аққуларды қосуға тырысып бақса да, екеуі екі жаққа жүзіп кетеді. Осы кезде фильм режиссері Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиев ақылдасып, алдын ала таспаға жазылып алынған «Аққу» күйін қосады. Күйді естіген бойда екі аққу бір-біріне жақындап келіп, бастарын түйістіріп, ырғалып билей жөнеледі.

Нұрғиса Тілендиев жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жақын туысы. Өмірден өтерінен бір жыл бұрын ол Жамбыл мазарына барып: «Ата, маған қасыңнан бір метр жер берші, өзіңді күзетіп жатайын» деп сөйлейді. Қайтыс болар алдында: «Мені Жамбыл атамның жанына қойыңдар. «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар», деп аманат айтқан.

Қазақстан Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевке 1998 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілді.

Хабарламаларға жазылу