Түркістан облысында морокко шегірткелері қаптап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында морокко шегірткелері қаптап кетті

02.05.2024

Түркістан облысының Сарыағаш, Келес ауданындарында шегіртке қаптап кетті. Марокко зиянкестері қанат байламаса да, жайылымдық жерлерді тып-типыл етіп барады. Жергілікті тұрғындар биыл шегірткенің жылдағыдан тым көп екенін айтып дабыл қағуда. Олармен күресті күшейтпесе, төрт-түлігіміз азықсыз қалады деп алаңдаулы. 

Әлімтау ауылының тұрғыны Сапар Әбдірайымов шегіртке жолындағының бәрін жеп, шөп қалдырмайтын түрі бар дейді. Қазірдің өзінде Марокко зиянкесі ауылдардың іргесінде көбейіп, жан жаққа тарай бастаған.

Сапар Әбдірайымов, Әлімтау ауылының тұрғыны:

Былтыр 500 гектар арпаны жеп кетті шаңын шығарып. Биыл тағы жейді бара жатыр құдай қаласа. Құртпаса, дымын қоймайды. Жердің бәрін тұтасып, шөбіміздің бәрін жеп, ада қылатын болды. Ертең малымыз аш қалады, шөп болмайды, дән болмайды.

Тұрғындар дәрілеу жұмыстары жүргізілгенше шегіртке қанат байлап, жан жаққа ұшып кеткен дейді. Соның салдарынан биыл тым көбейіп, бұрын кездеспеген елдімекендерден шыға бастаған.

Айнұр Әбілқасымқызы, Тілші:

Қазір зиянкестер айналадағының барлығын жайпап барады. Мәселен менің қолымдағы мына шөптің бірде-бір жапырағы қалмаған. Жергілікті халық шегіртке жеп кеткен шөптің 3-4 жылға дейін өспей қалатынын айтады.

Шалғай ауылдарда малмен жан бағып отырған халық шөп болмаса, күн көріссіз қалатыны белгілі. Зиянкестерден зиян шегіп отырған тұрғындар биыл да мал азығынсыз қаламыз ба деп қорқады.

Әзімбек Жаманбеков, Әлімтау ауылының тұрғыны:

Жылда келіп самолетпен шашады, техникамен шашады дәріні. Бірақ жылдан жылға көбейіп бара жатыр шегіртке. Нәтиже жоқ ешқандай. Дәрісі әсер етпей жатыр. Әсер етсе бұл өлер еді ғой. Жылдан жылға көбейді.

Ал шегірткеге қарсы күрес жүргізіп жатқан аумақтық инспекциядағылардың мәліметінше, қазір зиянкестер биологиялық өсудің төртінші сатысында. Оларды дәрілеу жұмыстары сәуір айының ортасынан басталған. Биыл 271 мың гектар аумақты улау жоспарланған болса, бүгінде бұл жұмыстар 53 пайызға аяқталған.

Батырбек Тағаев, Сарыағаш аудандық аумақтық инспекциясының басшысы:

Былтыр басқа дәрі қолданған, вантекс деген. Биыл қазір көріп отырсыздар, тиаметрин, карат супер деген дәрілер қолданып жатыр. Екі ұшақ жоспарланған ауданға. 25 жер үсті техника жүріп жатыр. Жалпы облыс бойынша 100-ге жеткізіп жатыр техниканы.

Химиялық өңдеу негізінен зиянкестердің қанат жаймай тұрғанда жүргізіледі. Себебі шегірткелер алдағы он күнде толық жетіліп, дәріге бой бермей кетеді. Егер биылғы дәрілеу жұмыстары жүйелі жүргізілсе, келер жылы қанаттылардың қатары едәуір азайы мүмкін.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу