«Поп жанрындағы әндер жаныма жақын. Әсіресе, техно-поп және электро-поп. Бірнеше жанрды араластырып, эксперимент жасағанды ұнатамын. Сол себепті қазір прогрессив-хаус стилінде ән жаздырудамын. Заманауи музыкаға жаңа леп әкеліп, өнерде өзіндік қолтаңбамды қалдырсам деймін»,-дейді әнші.
Өнерлі отбасында дүниеге келген Эльдар: «Ән салуға деген қызығушылық 6-7 жасымнан басталды. Неміс мәдени орталығына вокал сабақтарына барып жүріп, немістің халық әндерін орындадым. Кейін университетте халықаралық қатынастар мамандығын игеріп жүрсем де, әнші боламын деп шештім.
Сол кездегі таңдауыма еш өкінбеймін. Өзге елдің өнерін, мәдениетін тануда дипломат мамандығымның пайдасы өте зор. Студенттік іс-шараларда белсенді болдым. Президенттер мен елшілердің кездесулері, конференциялар мен мерекелерде ән салдым».
«Қазақстан десе, Халық әртісі Роза Рымбаева бірден еске түседі. Ол кісі менің ата-анамның сүйікті әншісі. Ол кісінің әндері олардың жастық шағымен байланысты. Ал, жастардан Жанар Дұғалованы айтқым келеді.
Жанар – қазақ музыкасындағы, қазақ мәдениетіндегі, қазақ сахнасындағы жаңа толқын. «Turkvizyon-2014» байқауында қазылар алқасының құрамында болдым. Ол ән салған сәттен бастап ерекше дауысымен жүректі баурап алады. Сахнада тұрған қыз әнмен өмір сүретіндей көрінді»,-дейді Эльдар.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.