Санкт-Петербургте Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған концерт өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургте Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған концерт өтті

07.05.2019

Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік академиялық капеллада Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған салтанатты концерт өтті. Ресейдің солтүстік астанасындағы белгілі тұлғалар мен шетелдік дипломаттар және қазақ диаспорасы жиналған кеште Әлияның ерлігі жырланды.

Кештің шымылдығын Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева өзін көпке танытқан «Әлия» әнімен ашты. Концерттің екінші бөлігінде тыңдарман қауым КСРО-ның Халық әртісі Әлібек Дінішевтің тамылжыған дауысына тәнті болды. Әлия Молдағұловаға арналған 2 сағаттық концерт көрерменнің көңілінен шықты.

Естеріңізге сала кетейін, кеше Петербор қаласынан қазақтың қаһарман қызына арналып еңселі ескерткіш ашылған.

Роза Рымбаева, Қазақстанның Халық әртісі:

- Қыршын кеткен біздің Әлиямыз, әрине, бізге үлкен ерліктің, күш-қайраттың, қайсарлықтың үлгісі болса, біздің мақсатымыз - келесі ұрпаққа Әлия апамыздай батырларды насихатау.

Валентин Ангелов, тыңдарман:

- Кеңес Одағының Батырын еске алуға арналған мұндай кештің өтуі тамаша бастама деп ойлаймын. Маған концерт қатты ұнады. Ерлікті, отансүйгіштікті жырлайтын керемет әндер орындалды.

 Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу