Жеңістің 70 жылдығына орай елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 4-6 наурыз аралығында «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драманың премьерасын ұсынады.
Туынды орыс драматургі Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» шығармасының желісі бойынша саханаланбақ.
Ал, қазақ тіліне аударған - белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Әшірбек Сығай. Режиссерлік нұсқасын Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино режиссері Талғат Теменов жасады.
Қойылым бас кейіпкері Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасында туындаған махаббат тақырыбын көтереді. Онда адамзатқа ортақ қасиет - махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділіктің ұшқыны ұштасқан.
Шығарманың басты кейіпкері Пернебек Боранбаевты отандық кино өнерінде бірнеше басты рөлдерді сомдап жүрген жас актер Әбілмансұр Серіков сахналаса, неміс қызы Инганың рөлінде - театрдың жас актрисасы Ақмарал Танабаева.
Сондай-ақ, бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр әртістері, Қазақстанның Халық әртісі Т.Мейрамов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері А.Омаров, Н.Өтеуілов, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері С.Қашқабаев пен Қ.Қыстықбаев өнер көрсетеді.
Спектакльдің тұсауы 4 наурызда сағат 18:30-да Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында кесіледі.