Қаллеки театры Жеңісінің 70 жылдығына орай «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасын ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаллеки театры Жеңісінің 70 жылдығына орай «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасын ұсынады

26.02.2015
Қаллеки театры Жеңісінің  70 жылдығына орай «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасын ұсынады

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры  наурыз айының 4-5-6 жұлдызы аралығында «Тыраулап ұшқан тырналар» атты  лирикалық драмасының  премьерасын өткізеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Аталмыш туынды орыс драматургі  Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» шығармасы желісі бойынша саханаланбақ. Қазақ тіліне аударған белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор –  Әшірбек Сығай.  Режиссеры Қазақстанның Халық артісі, театр және кино режиссері – Талғат Теменов. Жеңістің  70 жылдық мерейтойының қарсаңында режиссер Талғат Теменов  сахналап  отырған  «Тыраулап ұшқан тырналар» атты  лирикалық драма жеңістен кейінгі совет солдаттарының өмірінен сыр шертеді.  

Аталмыш қойылым бас кейіпкер Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы  кездейсоқтықтан  туындаған махаббат тақырыбын көтереді.  Осы аралықта адамзатқа ортақ қасиет – махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділіктің ұшқынын спектакль барысынан көресіздер.  

Қойылымдағы басты кейіпкер Пернебек Боранбаевті отандық кино өнерінде бірнеше басты рөлдерді сомдап жүрген жас актер – Әбілмансұр Серіков сахналаса, неміс қызы Инганың рөлінде театрдың жас актрисасы – Ақмарал Танабаева. Сондай-ақ, спектакль барысынан бүгінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген театр артістері, Қазақстанның Халық артісі Т. Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – А. Омаров, Н. Өтеуілов, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері С. Қашқабаев пен Қ. Қыстықбаевтар өнер көрсетеді.

Хабарламаларға жазылу