Энди Ли: «Мен чемпион болсам да, Головкин – біздің салмақтағы ең үздік боксшы» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Энди Ли: «Мен чемпион болсам да, Головкин – біздің салмақтағы ең үздік боксшы»

18.02.2015
Энди Ли: «Мен чемпион болсам да, Головкин – біздің салмақтағы ең үздік боксшы»

«Головкин мен Мюррей жақсы жігіттер әрі мықты боксшылар. Мен болашақта екеуімен де кездесемін деген үміттемін. Монте-Карлода өтетін жекпе-жекті көрермен ретінде тамашалаймын. Өзім үшін екі боксшының ерекше қасиеттерін байқауға тырысамын. Головкинді өмірде бір рет болса да көргенмін, ал Мюррейді көрген емеспін. Керемет бокс кешінде оларға жақыннан қарау өте қызықты болады.

Мен чемпиондық атақтарымызды біріктіретін жекпе-жек туралы әркез ойлаймын. Қазір мен де чемпионмын, алайда Головкин біздің салмақтың үздігі. Оған орта салмақтағы әлемнің ең үздік боксшысы ретінде әділетті баға берілген. Мүмкін біз екеуіміз келесі жылы тура осы уақытта орта салмақтың барлық жүлдесін сарапқа салармыз. Кім біледі, Мюррейдің бұған айтар уәжі бар сияқты.

Мюррей Головкин үшін осы уақытқа дейін кездескен қарсыластырының арасындағы ең мықтысы екені сөзсіз. Бұған дейін Дэниел Гил болған еді. Алайда Мюррей одан мықтырақ, күштірек әрі үлкен», деп келтіреді Энди Лидің сөзін Boxingscene.

Айта кетейік, Головкин мен Мюррейдің жекпе-жегі болатын бокс кеші 21 ақпанда (21-ші ақпаннан 22-ші ақпанға қараған түні) Астана уақыты бойынша сағат 01:25-те басталады.

Бокс кешін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Ойын барысын ел аумағында онлайн трансляциялау құқығы kaztrk.kz порталына берілген. Ал, жекпе-жектің қайталауын 22 ақпанда «KAZsport» телеарнасынан тамашалай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу