Астанада Рымкеш Омарханованың «Ақ самайлы актриса» атты шығармашылық кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Рымкеш Омарханованың «Ақ самайлы актриса» атты шығармашылық кеші өтеді

13.02.2015
Астанада Рымкеш Омарханованың «Ақ самайлы актриса» атты шығармашылық кеші өтеді

15 күні Қ.Қуанышбаев атындағы  Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында  «Ақ самайлы актриса»  атты Қазақстан  Республикасының  Еңбек сіңірген  әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Рымкеш Омарханованың  шығармашылық кеші өтеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.

Рымкеш Омарханова - 1939  жылы  30  қазанда  Қарағанды  облысы,  Қарқаралы  ауданы, Жаңа негіз бөлімшесі, Сарытау ауылында дүниеге келген.

1959  жылы  Қарағанды  музыкалық  училищесінде оқыды. Осы жылдары Қарағанды қаласының С.Сейфуллин атындағы қазақ музыкалық драма театрында актриса ретінде қызмет жасады.

1990 жылы Целиноград қаласы әкімдігінің ұсынысымен қазақ театрын ашуға шақырылады. Қазіргі Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қалыптасуына атсалысып, осы күнге дейін еңбек етіп келеді.

Рымкеш Омарханова өнер саласындағы көп жылғы еңбегінде көптеген дипломдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды және облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттығына сайланды.

1957 жылы Қазақстан Жастар одағы комитеті ұйымдастырған фестивальде лауреат атанды. 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапаталды.

1983 жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі атағын алады. Ал, 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2014 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ойнаған рөлдері:  Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» - Мақпал, «Қыз Жібек»-Төлегеннің анасы, М.Әуезов «Қаракөз» - Мөржан, «Еңлік-Кебек» - Еңлік, «Түнгі сарын» - Таңқыбике, Ш. Айтматов  «Ана-Жер-Ана» -Толғанай, «Ақ кеме» - Кемпір, У. Шекспир «Ромео мен Джульетта» - Джульетта, Қ.Бекхожин «Ұлан асу» - Айтолқын, А. Островский «Грозы» - Катерина,  С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» - Фармон, Қ. Ысқақов «Шырғалаң» - Қорлығайын,   С.Жүнісов «Қысылғаннан қыз болдық» - Хадиша, «Ескі үйдегі кездесу» - Зейнеп, Қ.Шаңғытбаев, Қ.Байсейітов «Беу, қыздар-ай» - Айсұлу, Т.Ахтанов «Күшік күйеу» - Биғайша, А.Дударев «Кеш» - Ганна т.б. қойылымдардағы көптеген рөлдерді  сахнаға бейнелеп шығарды.

Хабарламаларға жазылу