Гүлшара Әбдіқалықова: Бұл – Қазақ елінің бірлігі мен ынтымағын айқындайтын маңызды кезең - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гүлшара Әбдіқалықова: Бұл – Қазақ елінің бірлігі мен ынтымағын айқындайтын маңызды кезең

06.02.2015
Гүлшара Әбдіқалықова: Бұл – Қазақ елінің бірлігі мен ынтымағын айқындайтын маңызды кезең

Астанада Ассамблея жылының ашылу салтанаты барысында  сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова:  «Биыл – Қазақстан үшін елеулі мерекелер жылы. Бұл – Қазақ елінің бірлігі мен ынтымағын айқындайтын маңызды кезең. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы болып белгіленді. Осыған орай арнайы ұлттық жоспар қабылданды. Қазіргі таңда  еліміздің барлық өңірлерінде  осы мерекеге байланысты ұлыстар арасындағы достықты, бірлікті, болашаққа деген сенімді паш ететін түрлі іс-шаралар басталып кетті», дей келе Мемлекет басшысының құттықтау сөзін жеткізді.

Ал, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қазақстандықтарды мерейлі мерекемен құттықтай келе, «Елбасының арқасында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде маңызды жұмыстар атқарып  отыр. Халқымызда «Ынтымақты елдің ырысы мол» деген дана сөз бар. Бүгінде біз осы келісім мен бірлік, ынтымақтың арқасында әлем мойындаған ел болып отырмыз»,-деді.

Сондай-ақ, Ассамблея жылы аясында өтетін республикалық конкурстар мен жобалар жарияланды.

Олар: Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісіне арналған үздік ғылыми жобаға конкурс, Жеңістің 70 жылдығына арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым!» атты республикалық жоба, «Мың бала» республикалық мәдени ағарту мега-жобасы, еңбеккерлер әулеті арасында өтетін «Армандаған мамандық» атты үздік ғылыми жобаға бағытталған конкурс, бизнес құрылымдар, банк секторы және республикалық ұйымдар арасында өтетін «Жүректен жүрекке» атты үздік қайырымдылық жобаға арналған конкурс.

Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер арасында өтетін «Мейірімділіктен – бірлікке» атты үздік әлеуметтік жобаға конкурс, Тұңғыш Президент – Елбасының сынағына арналған Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстанның Олимпиада чемпиондары мен спортшыларының бастамасымен өтетін «Ұлт руһы» атты жоба, журналистика саласындағы «Шаңырақ» шығармашылық конкурсы, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңа ойлар табысқа жетелейді» атты үздік инновациялық жобағы арналған конкурс.

Конкурстар қорытындысы ағымдағы жылдың желтоқсан айында өтетін Қазақстан халқының форумында шығарылады.

Хабарламаларға жазылу