Бүгін – жазушы Марал Ысқақбайдың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – жазушы Марал Ысқақбайдың туған күні

02.02.2015
Бүгін – жазушы Марал Ысқақбайдың туған күні

Жазушы қай тақырыпқа қалам сілтесе де, кейіпкерлерінің жан-дүниесіне үңіле отырып, оның әлеуметтік-психологиялық мәнісін ашуға ұмтылады. Сондай-ақ,  кейіпкерін өмірде сирек ұшырасатын ұрымтал ситуациялар тұсында көрсетуге тырысады.

Сондықтан да олар, оның шығармалары бұрын ешкімнің қаламына ілікпеген соны да тосын сюжеттер ретінде қабылданады. Қаламгер әдеби жұртшылыққа сыншы ретінде де жақсы таныс.

Оның әдеби-сын мақалалары өзінің проблемалылығымен, танымдық деректерінің молдығымен, қазақ әдебиеті мәселелерін әлем әдебиетіндегі құбылыстар мен жетістіктер ауқымында салыстыра қарастыратын кең тыныстылығымен, байлам-тұжырымдары жинақтық мәнге ие болып келетін жан-жақты тереңдігімен есте қалады.

Марал Ысқақбай 1938 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Сұлутөр ауылында дүниеге келген.

1965 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітіреді. 1964-1971 жылдар аралығында орта мектепте мұғалім, директорлық қызметтер атқарған. Осы жылдары алғашқы туындылары «Етікші», «Көкжал» әңгімелерін, «Қырық қыз» хикаятын жариялайды.

1971-1972 жылдары Қазақ Совет энциклопедиясында, 1973-1976 жылдары Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, 1976-1977 жылдары республикалық «Қазақкітап» бірлестігінде бас редактор қызметін атқарған.

1977-1984 жылдар арасында Қазақстан Компартиясының Орталық  Комитетінде жауапты қызмет атқарған. 1984 жылы Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметіне сайланып, 1985-1986 жылдары «Мектеп» баспасында, 1986-1988 жылдары «Жазушы» баспасында директор болған.

1991-1997 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік агенттігінің төрағасы, ал 1997 жылдан қоғамдық бірлестік «Қазақстан авторлары қоғамының» төрағасы жауапты қызметтерін атқарған.

«Қырық қыз», «Сұлутөрдің бөктері», «Ұят туралы аңыз», «Жойқын төбе», «Шілде басталғанда», «Көңіл жұбанышы», «Менің көршілерім», «Пенде ғұмыр», «Ғашық боп көрмеген келіншек» деп аталатын прозалық, «Шығарма  шырайы – шындық», «Мүйізді Өтеген», «Баба ұраны» (Күйші Байсерке) атты сыни, зерттеу кітаптары жарық көрген.

Әңгіме, хикаяттарының желісі бойынша «Қырық қыздың ауылы», «Қияндағы қыстау» секілді телеқойылымдар, «Тамшы» көркем фильмі жасалған. Қазақтың 1100 әнін құрастырып, «Қазақша Караоке» деген атпен CD-ға жаздырды.

Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен марапатталған. 1994 жылдан бері Қазақстан Республикасы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі.

Хабарламаларға жазылу