Мемлепкет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентте жұмыс сапары барысында «Түркістан» конгресс-холлында болды. Елбасы құрылысына 1 миллиард 564 миллион теңге жұмсалған нысанды қарап шықты. ОҚО әкімдігінің хабарлауынша, мұнда ең заманауи дыбыстық, жарықтық, акустикалық жабдықтар орнатылған.
Конгресс-холлда ҚР Президентіне қаланың жаңа әкімшілік орталығын салу жобалары көрмесі ұсынылды. Мемлекет басшысына облыстық әкімдіктің барлық басқармалары мен департаменттері, жаңа мұражай, салт-дәстүрлер орталығы көшетін 16 қабатты ғимараттың макеті көрсетілді. Бұдан басқа, тұрғын үйлердің макеттері де ұсынылды.
«Жаңа әкімшілік орталықтың құрылысына 18,6 миллиард теңге жұмсалады. Бұл ретте жеке инвестициялар – 82,1 миллиард теңге», - деп баяндады Елбасына облыс әкімі Асқар Мырзахметов.
Бүгін Президенттің жаңа қазақ драма театрында болуы жоспарлануда. Құрылысы жақында аяқталған онда қазақ мемлекеттігі құрылуының 550 жылдығына арналған «Ұлы көш» премьералық спектакліне әзірлік қызу жүргізілуде.
Бұдан кейін Тәуелсіздік алаңында және «Риксос» қонақүйінің ашылуында болу жоспарланып отыр.