Асқар Мырзахметов: 2-3 жылда Шымкент тұрғындарының саны 1 миллионға жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мырзахметов: 2-3 жылда Шымкент тұрғындарының саны 1 миллионға жетеді

28.11.2014
Асқар Мырзахметов: 2-3 жылда Шымкент тұрғындарының саны 1 миллионға жетеді

Алдағы 2-3 жылда Шымкент қаласының тұрғындары 1 миллионға жетеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов айтты.

«Бүгінде Шымкенттің бас жоспары бекітіліп, оның аумағы кеңейтілгені белгілі. Елбасының тапсырмасына сәйкес, қалада жаңа Іскерлік орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алдағы айда бірнеше нысандар пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, шаһарда халық санының көбеюіне байланысты бірінші кезекте жұмыс орындарын ашу мәселесіне екпін қойып отырмыз», - деді өңір басшысы.

Осы орайда әкім әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуге қатысты жоспар бар екендігін атап өтті.

«Қаладағы халықтың саны 820 мыңға жетіп отыр. Бірақ келіп және кетіп жатқан адамдарды есепке алғанда, бұл көрсеткіш бұдан да жоғары сияқты. Алдағы 2-3 жылда шаһар тұрғындары 1 миллионға жетеді деген ойдамын», - деді А. Мырзахметов.

Айта кетейік, қалаға іргелес жатқан үш ауданның 40 ауылы бүгінде қала аумағына енгізілді. Шымкент аймағы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

ҚазАқпарат

Хабарламаларға жазылу