Мемлекет басшысы: 20 жылда Алматы халқының саны үш миллионға жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: 20 жылда Алматы халқының саны үш миллионға жетеді

18.08.2023

Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін көлік қозғалысын реттеп, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет. Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Шахар әкімі алдағы екі жылда қоғамдық көліктер толықтай экологиялық стандартқа көшірілетінін айтты. Инфрақұрылымды дамыту арқылы халықты электромобильге көшуге ынталандыру мәселесі қарастырылып жатыр. Кеңесте коммуналдық, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім, экология және медицина салаларында қордаланған проблемаларды шешу жолдары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдағы 20 жылда Алматы халқының саны 3 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Болашақта қала ішіндегі бес аумақ орталық ретінде дамиды. Сонда қазіргі ахуал біршама жеңілдеп, барлық ауданға бірдей салмақ түседі. Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Аумағы екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі. Қалада тұрғындар саны орташа алғанда жыл сайын 70 мың адамға көбейіп келеді. Жұмысқа, сабаққа бару үшін іргелес елді мекендерден күн сайын 500 мыңдай адам Алматыға келіп кетеді. Мұндай түйткілдерді уақтылы анықтап, дер кезінде шешіп отыру қажет.

Жиында Алматының экономикасын әртараптандыру жайы да талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерліктің даму әлеуетіне оң баға берді. Салық түсімдерінің басым бөлігі осы сектордың еншісінде. Алматы республикалық бюджетке былтыр 4 трлн тг құйған.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу