Мәдина Ералиеваны еске алу кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәдина Ералиеваны еске алу кеші өтеді

26.11.2014
Мәдина Ералиеваны еске алу кеші өтеді

29 қараша күні Алматыдағы Республика сарайында Мәдина Ералиеваның еске алу кеші өтеді. Осыған орай «Таңшолпанда» әншінің ұлы Арсен Ералиев қонақта болды.

Кештің ұйымдастырылу барысына тоқталған ол: «Анам тірі болғанда, биыл 60 жасқа толар еді. Ол кісінің мерейтойына орай біз еске алу кешін ұйымдастырғалы жатырмыз. Шараның басы-қасында жүрген  Майра Ілиясова апамыз. Мен тек қолғабыс етудемін. Кеште қазақ сахнасының жұлдыздары өнер көрсетеді.  Бибігүл апайымыздан бастап 30-ға тарта әнші қатысады. Анамның репертуарындағы әндер айтылып, бейнежазба, фотоархивтері  көрсетіледі. Осындай өте жылы кеш болғалы тұр»,-дейді.

«Анамның еңбекқорлығы, батылдығы, ер мінезділігі жадымда қалыпты. Мен ол кісінің үйде жай ғана теледидар қарап отырғанын да көрмеппін. Әйтеуір, бір тірлікпен айналысып жүретін, тыным таппайтын еді. Өмір бойы асығып өтті. Маған анамның еңбекқорлығы жұқпаған сияқты. Егер анама тартсам, қазір біраз шаруаны еңсеріп тастаған болар едім».

«Мен ол кісімен гастрольдік сапарларда  бірге жүретінмін. Сол кезде маған: «Балам өнер жолына түспе. Бұл – өте қиын жол», дейтін. Оның үстіне ол кездегі әнші мен бүгінгі әншіні салыстыруға келмейді.  Кеңестік кезеңдегі әншілер шын еңбектенді»,-дейді Арсен Ералиев.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу