Астанада Таласбек Әсемқұловты еске алу кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Таласбек Әсемқұловты еске алу кеші өтеді

10.09.2015
Астанада Таласбек Әсемқұловты еске алу кеші өтеді

19 қыркүйекте Астанада  қазақтың дәулескер күйшісі, көрнекті қаламгер Таласбек Әсемқұловтың руһына арналған еске алу кеші өтеді.

Т.Әсемқұлов шығармалары негізінде концерт қойылып, өзі түскен деректі фильмдерден үзінділер көрсетіледі.

Шараның өтетін орны – Қазақтың Ұлттық музыка академиясының Жамбыл атындағы залы.

Біздің анықтама:

Таласбек Әсемқұлов - жазушы, кинодраматург, күйші. 1955 жылы 1 тамызда дүниеге келген. 1976-1980 жылдары Алматыдағы Абай атындағы педагогика институты филология факультетін тәмамдаған. Проза, сценарий жазу өнерімен пединститутта оқып жүрген студент кезінен айналысқан. 

Республикалық баспасөзде «Атайы», «Кәрі ат», «Арылу» сияқты әңгімелері, «Шымдан» повесі және музыканттардың өміріне арналған «Талтүс» романы жарық көрген.

«Көкбалақтың өлімі», «Біржан Сал», «Жезтырнақ», «Алматы – Астана», «Тұмар падиша» сынды киносценарийлердің авторы. Сондай-ақ, республикалық баспасөзде қазақ және орыс тілінде түрлі әдебиет, мәдениеттану тақырыптарына арналған бірқатар мақалалары жарық көрген.

1973 жылы «Бәйжігіт күйлері» деген жеке гранд-дискі Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан шықты. «Мәңгілік сары» антологиясына 20-дан астам, «Қазақтың мың күйі» (2009) атты антологияға 40-тан астам күйі енген. 2010 жылы Парижден «Таттімбеттің мұрасы» СД-дискісі шыққан. 

Т.Әсемқұлов «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, «Мәдениет» телеарнасы мен Қазақ радиосы, «Шалқар» ұлттық арнасында қонақта болып, қазақтың дәстүр-салты мен мәдениеті, өнері туралы танымдық маңызы зор сұхбаттар берген.

Хабарламаларға жазылу