Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Татарстанның Қазан қаласында өткен халықаралық «Turkvizyon-2014» ән байқауында Қазақстан намысын қорғап, бас жүлдені ұтып алған Жанар Дұғаловамен баспасөз мәслихаты өтті.
Оған әншінің продюсері, актриса Баян Есентаева, Динара Адам, Бағым Мұхитденова және Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов қатысты.
«Түркі әлемінде өткен дүбірлі додада бағымыз жанды. Қуанышпен, жеңіспен оралдық. Әнші ретінде, елімнің патриоты ретінде мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Сайыста еліміздің беделі мен абыройын асқақтатуға барымды салдым. Ата-бабамның рухына арнап шығарған әнім жеңіс әкелді», - дейді әнші.
«Түркі әлемінде дәл осындай байқау ауадай қажет еді. Міне, енді түркі дүниесінде де әсемдіктің, әннің мерекесі бар. Биыл бізге байқауда еліміздің намысын қорғап шығу мүмкіндігі туды. Бұл халықаралық жоғары деңгейдегі сайыс болғандықтан, жауапкершілік жүгі аса ауыр болды. Сол себепті, Қазан қаласына бармас бұрын, үлкен жұмыс атқардық. Осы еңбек жемісін берді. Бізге қолдау көрсеткен барлық адамдарға, әрбіз қазақстандыққа алғысымыз шексіз»,-дейді әншінің продюсері Баян Есентаева.
Баспасөз мәслихатының соңында әнші «Ізін көрем» әнінен үзінді орындап берді.
Айта кетейік, аталмыш конкурстың финалында үшінші болып өнер көрсеткен Жанар Дұғалова 225 ұпай жинады. Ол байқауда Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған төл туындысы «Ізін көрем» әнін орындады.
Жанар жартылай финалдан соң үшінші орында тұрған болатын. Ол ақтық сайыста екінші орындағы Татарстан әншісінен 24 ұпай артық жинады.