Бүгінгі мейрамды астаналықтар мейлінше атап өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгінгі мейрамды астаналықтар мейлінше атап өтуде

07.05.2018

Негізгі іс-шара қалалық алаңда басталды. Келушілерге күні бойы эстрада жұлдыздары мен би топтары көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ. Тілші Досымжан Ермұрат тікелей эфирге қосылып, мереке барысын баяндады.

Жел мен салқын ауа райынан болар, келушілердің қарасы аз. Бірақ, бүгінгі ауа райы мерекені тойлауға келген халыққа еш кедергі келтіріп жатқан жоқ. Қайта жұртшылық «жеңімпазбыз» деп жар салып, әншілер ән салып, оған бейбіт елдің бүлдіршіндері тамсанып отырған жайы бар. Сағат бірде басталған концерт түнгі он бірге дейін жалғасады. Он сағат бойы сахнада эстрада жұлдыздары, би топтары мен театр әртістері өнер көрсетеді. Тағы бір айтарым, 5 мамырдан бері  Астана тұрғындары мен қонақтарына жеңіс ленталары таратылуда. Әзірге отыз мыңға жуығы үлестірілді. 9 мамыр кешкі сағат жетіге дейін жеңіс ленталарының 100 мыңы жұртшылықтың қолына тиетін болады. Символды «Бәйтерек» монументі, Студенттер саябағы және «Хан шатырдың» алдындағы алаңнан ала аласыздар. Ал, сағат 19:00-де «Қазақстан» Орталық концерт залында «Жеңіс туы, желбіре!» атты қайырымдылық кеші басталады.

Қадірлі, астаналықтар, үш күндік демалысымызды бізге осындай бейбіт, тыныш күн сыйлаған батырларымызды еске алуға арнайық. Ертең сағат онда Орталық қалалық зиратта Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза болған ақмолалық жауынгерлердің рухына арнап, Даңқ гүл тізбегін қою рәсімі өтеді. Сондай-ақ, ертең сағат 15:00-де «Астана» концерт залына барып, «Ұлы жеңіс күні» атты мерекелік кешті тамашалауға мүмкіндіктеріңіз бар. Айбынды әскердің айтулы күні құтты болып, Рахымжан Қошқарбаевтар қадап кеткен жеңіс туы қашанда көгімізде желбірей берсін!

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу