Астанада жарнама мен сауда орындарын рұқсатсыз орналастырудың, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында түнгі жарықтандыруды бұзу жағдайларының жолын кесу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Алматы ауданы әкімі аппаратының хабарлауынша, өткен айда тексеру барысында заңсыз ашылған 7 сауда нысаны анықталған, рұқсат құжатсыз орнатылған 40-тан астам сыртқы жарнама нысаны мен 7 нысанның түнгі жарықтандыру жарнамалары қалпына келтірілді.
Қазіргі кезде аталған заң бұзушылықтардың жолын кесу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Заңды сақтамаған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады.
Осындай жағдайларға жол бермес үшін барлық кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар сыртқы жарнаманы, жарнамалық конструкцияларды, маңдайша жазулар мен кез-келген басқа да ақпаратты Астана қаласының Сәулет және қала құрылыс басқармасымен келісуге тиіс.
Көше бойында сауда-саттықпен айналасу үшін кәсіпкерлер Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының рұқсатын алу керек.