«Қаламға және оның жазуына серт». Бұл – Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің өмірлік ұстанымы. Сегіз жылдан бері Чехияда тұратын қаламгер таяуда елге келген еді. Осы сапарында оқырман қауыммен жүздесіп, аз-кем әңгімелесті.
Шыңғыс хан туралы деректі роман жазып жатқан автор кейбір келеңсіз кемшіліктерге қынжылды.
«Шыңғыс хан туралы неше мың мақала зерттеліп, неше мың кітап жазылған. Ағылшын, неміс, француз, жапон жазды. Бәрі Шыңғыс ханды өзіне тартады. Жапон да, қытай да, тіпті кейінгі кездері орыстар да өздеріне тартып жатыр. Ал, шын мұрагері біз ғой. Одан қашып құтыла алмаймыз»,-дейді жазушы.
Мұхтар Мағауин барлық күш-жігер, қажыр-қайратын ұлт мұратына бағыштаған. Қаламгерліктен бөлек, қайраткерлік қасиеті бар. Заман мен қоғам тынысын тап басқан толғаулары соншалық өтімді.
Жазушы осы кездесуінде тіл мәселесін де қозғап өтті: «Саған үйіңде «балаңмен қазақша сөйлеспе, қазақ мектебіне берме», деп отырған ешкім жоқ. Тіл мәселесі халықтың өзінің қолындағы нәрсе»,-дейді ол.
Сұхбаттан соң жазушы Орталық мемлекеттік музей қорына құнды жәдігерлер тапсырды. Оның ішінде қамшылар, құлын жақы мен күзен ішік, шолақ тон, пұшпақ, тымақ бар. Соңында Мұхтар Мағауин музейді аралап шықты.
Сюжеттің толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.