Бүгін Алматыда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мәселелеріне арналған «Қазақстандық журналистиканың бүгіні және ертеңі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараны Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті мен Бас редакторлар клубының қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ұйымдастырды.
Конференцияға қазақстандық БАҚ өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Басқосуға келген мамандар қазақстандық журналистиканың дамуы және мемлекеттегі медиа нарықтың қазіргі жағдайы туралы пікір алмасты. Соның ішінде, журналистика саласында маман дайындау мәселесі де көтерілді.
«Бүгін Қазақстанда ақылға сыймайтын жағдай қалыптасты. Мемлекет бойынша журналист мамандарды дайындайтын 23 оқу орны бар. Олардың көбінде кадр жетіспейді, техникалық базасы жоқ», - деді Қазақстан Журналистика академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаев.
Профессордың айтуынша, журналистерді дайындайтын оқу орындарының саны көп болғанымен, сапасы жоқ. Осыған қарай, ол елдегі журналистика факультеттерінің саның қысқартуды ұсынды.
«Журналистика факультеттері тек әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде және тағы 2-3 университетте қалуы керек», - деді ол.
Сонымен қатар, С.Қ.Қозыбаев журналистикадағы теория мен тәжірибенің бір-бірінен алыстап кеткенін айтты. Осы орайда ол оқу бағдарламасына «Журналистік шеберлік курсы» пәнін қайта енгізуді ұсынды.
Шара барысында сондай-ақ, жұмыс берушілер мен оқу орындарының арасындағы ынтымақтастық, әлеуметтік желілердің журналистикаға тигізіп жатқан әсері, БАҚ-тың коммерциализациялануы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.