Нұрсұлтан Назарбаев «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды

28.10.2014
Нұрсұлтан Назарбаев «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды

Қазақстан Президенті  X Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысу үшін Дубай қаласына келді.

Форум аясында Нұрсұлтан Назарбаев «Global Islamic Finance Awards» (GIFA) ұйымының «Исламдық қаржы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығымен марапатталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысына бұл награданы «Edbiz Consulting Limited» компаниясының бас атқарушы директоры доктор Хумайон Дар тапсырды.

Марапаттау рәсіміне Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, премьер-пинистрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Аль Мактум қатысты.

Сыйлық ислам қаржы нарығын өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту мен ілгерілетуде жеткен зор табыстар үшін берілді.

«Қазақстан 2009 жылдан бері исламдық қаржыландыру қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан енгізу жөнінен ТМД мен Орталық Азияда көшбасы саналады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ислам банкингі, сақтандыру және лизинг саласында өз қызметтерін ұсынатын исламдық қаржы институттарының тұтас бір шоғыры жұмыс істейді», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ,  Қазақстанның халықаралық ислам ұйымдарының қызметіне белсене араласатынын ескере отырып, оның исламдық қаржыландыруды дамытудағы рөлі күшейе беретінін атап өтті.

Қазақстан Президенті жоғары наградамен марапаттағаны үшін GIFA-ға алғысын білдіріп, ұйымның алдына қойған мақсаттарына жету жолында табысты болуын тіледі. 

Хабарламаларға жазылу