Абайдың әнін орындаған Қалжан Темірбаев украиналық тәлімгерлерді таңғалдырды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абайдың әнін орындаған Қалжан Темірбаев украиналық тәлімгерлерді таңғалдырды (ВИДЕО)

22.10.2014
Абайдың әнін орындаған Қалжан Темірбаев украиналық тәлімгерлерді таңғалдырды (ВИДЕО)

Қарағандылық Қалжан Темірбаев Украинадағы «Дауыс» шоуына қатысты. «Памяти Карузо»  атты әнді орындаған 47 жастағы әнші  тамаша өнер көрсетсе де, тәлімгерлердің ешқайсысы оған бұрылмаған.

Жоба тәлімгерлерінің бірі «Океан Эльзы» тобының көшбасшысы Святослав Вакарчук оның ән таңдауда қателескенін айтты.

«Бұл ән әлемдік конкурстарда жиі айтылады. Оны не академиялық дауыспен айту керек немесе өз ән айту мәнеріңде орындау керек. Сіз бұл әнді орындаған кезде екі орындықта қатар отырғандай әсер болды. Екі жаққа да бірнәрсе жетіспеді»,-дейді ол.

Кейін қазылар алқасы одан өз тілінде ән айтуын өтінеді. Сол кезде Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін асқақтата орындаған Қалжан тәлімгерлерді таңғалдырды. Алайда, бұл уақытта бәрі кеш еді.

Таңданысын жасыра алмаған Святослав Вакарчук: «Қатысушылардың көбі осындай қателікке бой алдырады. Неге барлығыңыз «Памяти Карузоны» орындауға құмарсыздар? Егер сіз әуел баста өз халқыңыздың әнін орындаған болсаңыз, мен бірден сізді таңдар едім»,-деді.

Қалжан Темірбаев ,бапасөз бетіне берген сұхбаттарының бірінде «Памяти Карузо» әнін оған «Дауыс» шоуының ұйымдастырушылары таңдағанын айтады. «Мен іріктеу кезеңінде екі ән әзірлеген болатынмын, Алайда, маған осы әнді айту тапсырылды. Бір айдан кейін өткенім туралы хабарлама келді. Бірден билет алып, Украинаға бардым. Бұл жерде де маған «Карузоны» айтасың, деді. Мен тіпті дайындалып та үлгерген жоқпын. Әнді жазуға таңертең барсам да, кезегім түнгі он екілер шамасында әрең келді», - дейді ол.

Кішкене кезінде Қалжанның вокалмен айналысуға мүмкіндігі болмапты. Ол ән айтуды 2008 жылдан бастап қолға алған. Әнші Қарағандыда өткен орыс романстары байқауына қатысып, сол жерде педагог Тамара Медведеваны жолықтырып, вокалдан сабақ алған екен.

Еске сала кетейік, еліміздегі «Қазақстан дауысы» жобасы 26 қазан күні сағат 21.00-де «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында басталады.

Видео: youtube.com

Хабарламаларға жазылу