Түркістандық 140 отбасы қоныс тойын тойлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық 140 отбасы қоныс тойын тойлады

20.10.2014
Түркістандық 140 отбасы қоныс тойын тойлады

Түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістан шаһарында қала күні қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысандар ашылып, ел игілігіне берілді, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

 Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 15 млн. теңгеге Түркістан мен Кентау қалаларын байланыстырып тұрған көпір күрделі жөндеуден өтті. Бұл нысанның төрт бұрышына кіші сәулеттік кескіндемелер орнатылып, айналасы абаттандырылды. Сондай-ақ, талай жыл баспана кезегінде тұрған түркістандық 140 отбасы «Қолжетімді тұрғын үй-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген 60 және 80 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үйге қоныстанды. Бұл мақсатқа облыстық қазынадан 633 млн. қаржы бөлінген.

Осылайша талай жыл баспана тауқыметін тартқан түркістандықтар мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көріп, игілігін сезінді. Бүгінде Түркістан қаласында бір жарым мыңға жуық азамат үй кезегінде тұр. Жергілікті билік осы мәселені оңтайлы шешудің жолын қарастырып, көне шаһардың шығыс бөлігіне жаңа шағынаудан салуды, көздеп отыр. Бұл мақсатқа жобалық-сметалық құжаттар рәсімделді. Келер жылы қазынадан қажетті қаржы бөлінсе, әрқайсысы 60 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге дайын отыр. Қалалық әкімдік осылайша баспанаға деген түркістандықтардың өтінішін кезең-кезеңімен шешуді қолға алмақ.

Хабарламаларға жазылу