Бүгін – Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі
Бүгін елімізде полицейлердің кәсіби мерекесі. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар қандай құрметке де лайық. Ал қызметті адал атқару күннің аптабы мен аязына қарамайды. Тіпті жас мөлшері де кәсібилікке кедергі емес. Ел тыныштығын күнделікті күзеткендердің ерлігі жайлы Данияр Әлімқұл толықтырады.
Жандос Нарбаев патрульдік полиция қызметкері болмаса да көлік қозғалысын көзден таса қылмайтын көше сақшыларының міндетін абыроймен атқарды. Ол апта бұрын автокөлік ішіндегі адамды ажал аузынан аман алып қалды. Тараз көшесінде бағдаршамның қызыл түсіне қарамай өткен автокөлікті артынан қуып тоқтатқан. Барған бетте машинада ес-түссіз жатқан жолаушының барын біледі. Сөйтіп жедел түрде ауруханаға апарып, операция үстеліне жатқызып үлгереді.
Жандос Нарбаев, Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
Дәрігерлер жолдасына айтқан екен «2-3 минутқа кешіккен кезде қайғылы жағдай болатын еді» деп. Жоқ бұл істеген әркетімді ерлік деп, ерлік еттім деп санамаймын. Себебі бұл әр полицияның қасиетті қызметі болуы керек адамдарға көмектесу, дер кезінде жәрдем көрсету, Бүкіл Қазақстан полициясы менің орнымда болғанда дәл осылай істейтін еді.
Осылайша Жандос құрылымдық қызметі басқа болса да әмбебап полицей ретінде әрекет етті. Демек майордың мойнындағы міндет кеңсе мен көшеге бөлінбейді. Ал Диана Біләл тергеушілік тәжірибесі 5 жыл болғанына қарамастан ауыр қылмысты ашып, сотқа жолдауда республикада рекорд жасаған маман. 25 жастағы капитан қыстақта болған қылмыстық істі қысқа мерзімде аяқтаған. Әдетте кісі өліміне қатысты істер 3 айға дейін тергелсе, жас маман 3 күнде судья қолына тапсырған.
Диана Біләл, Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының тергеушісі:
Күдікті өзінің кінәсін толығымен мойындады. Бұл бізде Қазақстан бойынша қазіргі таңда аса ауыр санаттағы қылмыстық істерді тез уақытта тергеп, сотқа жолдау тәжірибеге алынды. Елімізде қылмыс болмасын, болған жағдайда біз алдыңғы шепте, халыққа қызмет етуге дайынбыз. Иығымыздағы шенге абыройлы, адал қызмет етейік.
Иә, қызметі адал, құрметін де алар. Жалпы елімізде ішкі істер саласында 120 мыңға жуық маман бар десек, оның 3 мыңнан астамы Жамбыл жерінде қызмет етеді.
Данияр Әлімқұл,тілші:
Полиция – қоламта шоғы маздаған қоғамдағы тыныштықтың тамыршысы, қауіпсіздік қалқаны. Олардың маңдайына емес, міндетіне жазылғаны – жазалау емес, жаза басудың алдына алу. Демек қылмысқа қылбұрау салып, кісіге көмек көрсетуді пагондының міндеті деп қарамаймыз, ізгі істе полицейдің парасаты да жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы