Басты Жаңалықтар Қос елдің ортақ фильмі: Корея актерлары алматыға келді

Қос елдің ортақ фильмі: Корея актерлары алматыға келді

Әуежайда жиналған жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен қошеметі дәл осы кореялық актерлар – Чи Чан Мин мен Ким Су Бинге арналды. Өнер иелерінің Алматыға келудегі басты мақсаты – Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ортақ кино жобасына қатысу. Екі елдің мамандары бірігіп құрған «Big Tiger Media» продюсерлік орталығы қазір «Азия ханзадасы» фильмін түсіріп жатыр. Жобаның Сеулдегі түсірілім кезеңі аяқталып, енді киноның негізгі оқиғалары Алматының көрікті жерлерінде жалғасады.

Алена Алмаз, режиссер:

Сеулдегі түсірілім жұмыстарын сәтті аяқтадық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Енді фильмнің жаңа тарауын Алматыда түсіреміз. Қаланың ерекше атмосферасы мен табиғаты оқиғаны одан әрі әсерлі етеді. Көрерменді романтика мен әзілге толы қызықты туынды күтіп тұр.

Фильм сюжетінде кореялық жас актер Алматыға жарнама түсіріліміне келеді. Алайда күтпеген жанжалдан кейін, еліне қайта алмай, Қазақстанда қалып қояды. Осы сапар оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Бейтаныс ортада түрлі сынақтарды бастан өткерген кейіпкер қазақ қызы Тоғжанмен танысып, олардың арасында ерекше сезім пайда болады. Туындыда қазақ және кәріс халықтарының ұқсас құндылықтары мен мәдени байланысы көрсетіледі.

Че Хван Ли, Big Tiger Media директоры:

Қазақстан мен Корея халықтарының болмысында ұқсастық көп. Дәстүрге құрмет, отбасы құндылығы, үлкен мен кішіге ізет секілді қасиеттер бізді жақындастырады. Сондықтан, бұл фильм екі елдің көрерменінің көңілінен шығады деп сенемін әрі рейтинг те жоғары болады деп ойлаймын.

Жиырма күнге созылатын Алматыдағы түсірілімге алдағы күндері тағы бір танымал кореялық актер – Ан Се Ха да қосылады. Фильм қазақ және кәріс тілдерінде жарық көреді. Ал халықаралық жоба көрерменге осы жылдың желтоқсан айында жол тартады.


Бөлісу