Брюссельдегі келіссөздер: Ықпалдастықтың жаңа бағыты айқындалды
Алдағы уақытта Қазақстан мен Еуропаның кез-келген қаласына тікелей қатынауға болады. Бүгін Мемлекет басшысының Бельгияға ресми сапары аясында қос тарап әуе бағыттарын кеңейту жөніндегі авиациялық келісімге қол қойды. Сондай-ақ визалық режим де жеңілдеуі мүмкін. Ал еуродақ елімізге жолаушылар тасымалдайтын 50 ұшақ жеткізеді. Тараптар сауда логистикасын да жетілдірмек. Енді Транкаспий көлік дәлізінің соңғы нүктесі Грузия емес, тізбекке Еуропаның порты қосылды. Президенттің сапары аясында тағы қандай маңызды келісімдер жасалды?
12 млнға жуық тұрғыны бар Бельгия – конституциялық парламенттік монархия. Мемлекет басшысы - Король Филипп 2013 жылдан бері елді басқарады. Ол ұлттық бірліктің нышаны және конституцияның сақталуына кепілдік беретін тұлға. Алайда саяси шешімдерді өз бетінше қабылдамайды. ал федералдық үкіметті премьер-министр басқарады.
Мемлекет басшысы Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесті. Қос тарап әуелі екі елдің ынтымақтастығын дамыту жайын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі елдің әлеуеті жоғары.
Премьер-министр Барт де Вевер Бельгияның екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге және стратегиялық серіктестік аясын кеңейтуге ниетті екенін мәлімдеді. Тараптар көлік-логистика, аса маңызды минералдар, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, цифрлық трансформация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды. Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдалана отырып, Бельгия Королі Филиппке және Королева Матильдаға ізгі сәлемін жолдады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Дәл қазір Еуропалық кеңестің ғимаратындамыз. Мемлекет басшысы осы кеңес Президенті Антониу Коштаның шақыруымен келген болатын. Еуропалық кеңестің Президенті Антониу Кошта мен Еуропалық комиссия Президенті Урсула Фон дер Ляйен Қасым-Жомарт Тоқаевқа ерекше ілтипат көрсетіп, ресми қарсы алды. Бәрі дипломатиялық хаттамаға сай. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтің Бельгияға екінші ресми сапары.
Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылы орнады. Содан бері екіжақты байланыс түрлі салада дамыды. Өзара қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру мақсатында 2015 жылы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Былтыр Еуродақпен өзара тауар айналымы 45 млрд асқан. Ендігі меже – сауда саттық көлемін арттыру. Бүгінгі кездесу қарсаңында тараптар бірқатар құжатқа қол қойды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Қазір әлемдегі сауда саясаты «кім жылдам болса, сол ұтады» деген қағидаға көшті. Оның үстіне геосаяси ахуал жаһандық тауар тізбегін өзгертіп жіберді. Сондықтан тасымалдау жолын әртараптандыру қажет. Ал Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Тараптар Транкаспий халықаралық көлік дәлізінің бағытын кеңейтпек. Бұған дейінгі Қытай-Қазақстан-Каспий теңізі арқылы Әзербайжан-Грузия тізбегіне енді Қара теңіз арқылы Румынияның Мидия порты қосылды. Демек, тауарлар енді тұтас Еуропаның ішкі нарығына жеткізіледі.
Айбек Қапар, «KTZ EXPRESS» АҚ басқарма төрағасы:
Яғни бұл біздің Румыниядағы бірінші кіретін портымыз. Қазақстанның және Қытайдың барлық жүктерін Еуропаның барлық жеріне жетізе аламыз, бұл порт арқылы, контейнер де одан басқа да жүктерді жеткізуге мүмкіндік береді. Және Еуропадан Орталық Азия Қытайға да жүктерді жеткізе аламыз. Яғни теңіз бен теміржолды бірріктіріп мультимодальды маршрут құру.
Еуропалық инвестициялық банкі де осы Транскаспий дәлізін дамыту жобасын қолдап отыр. Яғни банк жол инфрақұрылымы, порттар мен логистикалық желілер қаржыландырады.
Марек Мора, Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті:
Бүгін біз «ҚазАвтоЖолмен» Орта дәліздің маңызды бөлігі болып табылатын автомобиль жолдары учаскелерін қайта жаңғырту және модернизациялау жұмыстарын қаржыландыру жөніндегі келісімге қол қойдық. Құны 150 млн еуро. Бұл бағыт Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтуда септігін тигізеді.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Тағы бір маңызды келісімнің бірі – визалық режимді жеңілдетуге қатысты. Енді қажетті құжаттардың тізімі азайып, визаның қарау уақыты қысқарады. Сондай-ақ Қазақстан мен Еуропа одағының кез-келген қаласына қатынаудың мүмкіндігі артады. Қос тарап авиациялық келісімге қол қойды. Ал Францияның Эйрбас компаниясы елімізге жолаушылар тасымалдайтын ұшақ жөнелтеді.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық Қазына» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Бұл келісімге сәйкес «Air Astana» 50 жаңа ұшақ сатып алатын болады. 2031 жылдан бастап алғашқы 25 ұшақ келеді.
Harizan Europa - ғылым мен инновацияны қаржыландыратын ірі халықаралық бағдарламалардың бірі. Енді қазақстандық ғалымдар да осы жобаға қатыса алады. Сондай-ақ тараптар бірқатар университет пен зерттеу орталығын ашу жөнінде келісімге қол қойды. Соның бірі 600 жылдық тарихы бар – Leuven оқу орны.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Бұл университетте гидрометаллургиялық, сирек металдарды байытуға арналған өте мықты институттары бар. Сол институт біздің Шығыс Қазақстан техникалық институтымен біріккен институт ашады. Сосын сирек металдаррға қатысты байыту орталығын ашамыз.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Бельгия мен Қазақстанның уақыт айырмашылығы үш сағат. Дәл қазір келіссөздер мен кездесулер легі әлі де жалғасып жатыр. Ал жыл соңына дейін Бельгияның жетінші королі Филип елімізге мемлекеттік сапармен келеді. Монархтың мемлекеттік сапармен келуі ел тарихында алғаш рет. Сондай-ақ Президент премьер министр Барт Де Веверді де қолайлы уақытта Қазақстанға шақырды.Демек қос тараптың ынтымақтастығы нығая береді. Келіссөздер мұнымен шектелмейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы