Орта дәліздің стратегиялық әлеуеті талқыланды
Еуропалық кәсіпкерлер Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы сауда-саттықты күшейтуге ниетті. Брюссельде өткен бизнес конференцияда Қазақстан мен ЕурОдақ байланысын нығайту, Орта дәліздің стратегиялық әлеуеті талқыланды. Басқосу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Шараға Қазақстан мен ЕуроОдақ елдерінен жүзден астам өкіл қатысты.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты Еуразия көлік жүйесінің стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі алты есеге артқан. «Бұл – мүмкіндіктер дәлізі, тұрақтылық көпірі», дейдің еуропалық кәсіпкерлер.
Лудо Саренс, «Sarens Group» компаниясының президенті:
Біз негізінен Қытайдан келетін ауыр және габаритті емес жүктерді тасымалдаумен айналысамыз. Шекарадағы кідірістерді болдырмау үшін Қазақстан үкіметімен бірге 85 гектар аумаққа созылған жобаны бастадық. Мақсат – жүк өткізу қабілетін шамамен 2 есеге арттыру. Бейнебақылау камералары, дрондар және басқа да инфрақұрылымға 2 миллион доллардан астам қаржы құйылды.
Қазір Транскаспий көлік бағытымен жылына 6 млн тонна жүк тасымалданып отыр. Қазақ үкіметі алдағы екі жылда оны 10 млн тоннаға жеткізбек. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бельгиялық компаниялар да үлес қосуда.
Дейв Ван Дер Бос, «Ahlers» компаниясының бас директоры:
Біз Қазақстанда 30 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Алматы мен Қарағандыда қоймаларымыз бар. Тұтыну секторынан бастап жобалық логистикаға дейін түрлі саланың жүгін жеткіземіз. Қазір Қазақстанға еуропалық компаниялар көптеп келіп жатыр, ал біз оларға сенімді бағыттар құруға көмектесудеміз.
Басқосуға жиналғандар Орта дәлізді бизнес үшін қолайлы етіп, теміржол мен порт инфрақұрылымын, терминалдарды жетілдіру жайын қаузады. Еуропа мен Азия арасында жаңа логистикалық тізбектерді дамыту мәселесін сөз етті.
Әсел Жанасова, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:
Мемлекет басшымыздың әрдайым айтатыны – транзиттік мемлекет, логистикалық хаб болуымыз керек. Сондықтан, әрине, бүкіл ірі-ірі, дүниежүзіне әйгілі үлкен компаниялардың Қазақстанда, яғни табанын басу бұл біз үшін үлкен нәтиже деп сенемін.
Конференция аясында Орта дәлізді дамытуға арналған бірқатар меморандумға қол қойылды. Құжаттар жүк тасымалын цифрландыру, порт жобасы, терминал құрылысы және тасымал көлемін арттыру мәселелерін қамтиды. Еуропалық сарапшылар, «Транскаспий-балама бағыт емес, болашақта ЕуроАзияның басты дәлізіне айналатынына сенімді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы