Парижде көшпенділердің мәдениеті мен тұрмысы таныстырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парижде көшпенділердің мәдениеті мен тұрмысы таныстырылады

15.10.2014
Парижде көшпенділердің мәдениеті мен тұрмысы таныстырылады

31 қазан - 3 қараша аралығында Париж қаласында Астананың күндері өтеді. Елорданың мәдениет, білім және қала құрылысы мамандары Франция астанасына жұмыс сапарымен барады.

Ауқымды іс-шара аясында «Пале Рояль» алаңында бірегей жоба - қазақ этноауылы көпшілік назарына ұсынылады. Онда ата-бабамыздың мәдениеті мен көшпенділердің тұрмысы көрсетілмек. Бұл жерде көшпенділер өркениетімен танысып, өткеніміздің атмосферасын сезінуге болады.

Париж алаңында шығыс базары ашылады. Жәрмеңкеде киіз үйлердің ішінде әшекейлер, былғары мен ағаштан жасалған бұйымдар, қолөнершілеріміз өз қолымен жасаған кәдесыйлар сатылады.  Этноауылды аралау үшін қос бағананың ортасына тартылған теріге ұқсатылған арнайы ерекше карта-сызба әзірленеді.

Сонымен қатар, өз қолыңмен киіз үй немесе құмыра жасауға, зергердің шеберлік сыныптарына қатысуға болады.

«Шеберлер ауылы» киіз үйі көпшілікті өзінің функционалдылығымен, жабдықтардың әдемілігімен тәнті етпек. Сахна төрінде Астана қаласының солистері мен шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салады: халық әншілері, солистер-аспапшылар, фольклорлық-этнографиялық және би ансамбльдері.

Сахна жанына дәстүрлі алтыбақан орнатылады. Ал, ортаға ту мен тұмарлардың айналасына диаметрі 9 метр және биіктігі 5 метрлік Ақ орда киіз үйі тігіледі.

Еске салайық, 31 қазаннан 3 қарашаға дейін Франция астанасында Астананың күндері өтеді. Жұмыс сапары аясында білім, мәдениет және құрылыс мамандарының делегациясы француз әріптестерінің тәжірибесін зерттейді, деп жазады елорданың ресми сайты.

Хабарламаларға жазылу